Иран президентінің ұлы жоғары лауазымға тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM – Иран президенті Масуд Пезешкянның үлкен ұлы Юсуф Пезешкян президент әкімшілігі басшысының баспасөз жөніндегі кеңесшісі және көмекшісі болып тағайындалды. Бұл туралы «Азат Иран» Telegram арнасы хабарлады.

Фото: «Азат Иран» Telegram арнасы

Бұл лауазымға тағайындауды президент аппаратының басшысы Мохсин қажы Мирзай жасағаны атап өтілді. Юсуф Пезешкян Иранның беделді техникалық университеттерінің бірі Шариф технологиялық университетінде ғарыштық сәулелер физикасы бойынша білім алып, бакалавр, магистр және докторантура дәрежесін алған. Ол сонымен қатар Саханд технологиялық университетінде жұмыс істеген.

– Сондай-ақ, Масуд Пезешкянның күйеу баласы Хасан Маджидидің Иран президенті әкімшілігі басшысының арнайы көмекшісі болып тағайындалғанын атап өткен жөн, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Масуд Пезешкян үстіміздегі жылдың шілде айында өткен президенттік сайлауда жеңіске жетті.