Иран президенттігіне алғашқы әйел үміткер ретінде тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — Иранның бұрынғы депутаты, ғалым Зохре Элахиан президент Ибрахим Раиси ұшақ апатынан қайтыс болғаннан кейін белгіленген кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде тіркелген алғашқы әйел болды. Бұл жайында Mehr агенттігінен хабарланды.
4 маусымнан бастап Конституцияны сақтаушылар кеңесі кандидаттарды бір апта бойы қарап, кандидаттың ел президенті лауазымына сай келетін-келмейтінін анықтайды.
Соңғы тізім 11 маусымда жарияланады.
Сайлау науқаны екі аптаға — 12 маусымнан 26 маусымға дейін жалғасады.
Сайлауға бір күн қалғанда «үнсіздік күні» жарияланады, бұл уақытта үгіт-насихат жұмысын жүргізуге тыйым салынады.
Президент сайлауы 28 маусымда өтеді. Екінші тур қажет болған жағдайда 5 шілдеге белгіленеді.
31 мамырда Иранның сайлауалды штабының өкілі Мохсин Ислами үш әйелдің «шартқа сай келмегені үшін» тіркелмегенін хабарлаған.