Иран, Ресей және Қытай Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөз жүргізді
АСТАНА. KAZINFORM — 22 шілдеде Тегеранда Иран, Ресей және Қытай өкілдерінің үшжақты кездесуі өтті. Келіссөздің басты тақырыбы Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі дағдарысты реттеу мәселесі болды, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Tasnim агенттігінің хабарлауынша, тараптар консультацияларды жалғастырып, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты дағдарысты шешу үшін өз әрекеттерін үйлестіруге келісті. Кездесулердің «алдағы апталарда әртүрлі деңгейде» жалғасатыны атап өтілді.
Агенттік сондай-ақ Ресей және Қытай делегацияларының басшылары Иранға сапары барысында Сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Маджид Тахт-Раванчи және басқа да бірқатар ирандық дипломаттармен жеке-жеке кездескенін жазды.
Айта кетейік, Иран 25 шілдеде өзінің ядролық бағдарламасы бойынша Ұлыбритания, Франция және Германиямен келіссөз жүргізеді.