Иран санкцияларды қайтару тетігі іске қосылған жағдайда «қатаң жауап» қайтаруға уәде етті

Фото: Фото: IRNA

АСТАНА. KAZINFORM – Тегеран соғыс болған жағдайда аймақтағы барлық елдер зардап шегетінін ескертті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Иран СІМ басшысы Аббас Аракчи БҰҰ-ның Иранға қарсы санкцияларын қалпына келтіру үшін «snapback» механизмі іске қосылса, «қатаң» жауап болатын ескертті. Бұл туралы ол жексенбі күні парламенттің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комитетінде есеп беру кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды IRNA.

Комиссия өкілі Эбрагим Резаидің айтуынша, Аракчи Тегеранның дипломатияға берік екенін, бірақ қысымға шыдамайтынын баса айтты.

- Иран ешқашан келіссөз үстелінен кетпеді және дипломатияны жақтайды, бірақ санкцияларды кері қайтару тетігінің іске қосылуына қатаң жауап береді, - деп келтірді IRNA оның сөзін.

Аракчи АҚШ-пен Оманның арағайындығымен жүргізіліп жатқан келіссөз тек ядролық мәселелерге қатысты екенін атап өтті. Диалог қайта басталған сәттен бері ол АҚШ-тың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткофпен бес келіссөз кезеңін өткізді - үшеуі Маскатта және екеуі Римде.

Резаидің айтуынша, министр сонымен қатар Израиль Ирандағы уранды байытуға толық тыйым салуды қолдайтын жалғыз ел екенін мәлімдеді. Бұл ретте Аракчи аймақтық байыту орталығын құру мүмкіндігін мойындады, бірақ ел ішінде мұндай операцияларды тоқтату мүмкіндігін жоққа шығарды.

Сондай-ақ ол «соғыс болған жағдайда аймақтағы барлық елдер зардап шегетінін» ескертті.

Резаи атап өткендей, кейбір ирандық депутаттар АҚШ-пен келіссөзге қазірдің өзінде күмәнмен қарап, Вашингтонның арадағы диалогқа қарамастан жаңа санкциялар енгізетініне назар аударды.

«Snapback» механизмі дегеніміз не ?

«Snapback», немесе санкцияларды автоматты түрде қайтару механизмі 2015 жылы Иранмен ядролық келісімді (JCPOA) мақұлдаған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің №2231 қарарында бекітілген. Ол келісімге қатысушы кез келген елге Иран келісімшарт талаптарын бұзды деп есептесе, оған қарсы халықаралық санкцияларды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Механизмнің басты ерекшелігі – санкциялар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде талқылаусыз және дауыс берусіз автоматты түрде қайтарылады. Яғни, басқа елдер қарсы болса да, бұл шаралар шағым түскеннен кейін 30 күннен кейін күшіне енеді.

Қазіргі кезде Ұлыбритания, Франция және Германия бұл механизмді белсендіруді қарастырып отыр. Шешім қабылдаудың соңғы мерзімі – 2025 жылдың 18 қазаны. Егер санкциялар қайта күшіне енсе, бұл ядролық келісімді іс жүзінде тоқтатады, ал Тегеран уранды бейбіт жолмен байыту құқығының негізі ретінде талап етіп отырған Ядролық қаруды таратпау туралы келісімнен шығамын деп қорқытты.

Еске сала кетсек, бұған дейін Трамп АҚШ Иранмен ядролық келісімге жақын қалғанын мәлімдеген болатын.