Иран сүт экспорттайтын елдер қатарына қосылды

ТЕГРАН. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат /Асылбек Әділхан/ - Биыл Иран шикі сүт экспорттайтын мемлекеттер қатарына қосылды. Бұл туралы Иран Ислам Республикасы ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сәадәталла Әббаси мәлім етті.

ИРНА тілшісімен сұхбатында Сәадәталла Әббаси: «БҰҰ-ның ауыл шаруашылығы ұйымы жариялағандай, Иран 5,9 млн. тонна сүт өндіріп, 2010 жылы бұл салада зор жетістіктерге жетті, сондай-ақ адам басына 130 килограмм өнім шығарып, сүт экспорттаушы мемлекеттер қатарына қосылды» - деді.

Ол, сүт өндіру көрсеткішін ұлғайтуға арналған осы министрліктің бағдарламалары жайлы: «4-ші бесжылдық бағдарламасында мал өнімдері протеинін қолдану көрсеткіші - мемлекетімізде 23 граммға тең болған, сондай-ақ 5-ші бесжылдық бағдарламамызда бұл көрсеткіш 35 грамға ұлғаймақ», - деп атап өтті.

С.Әббаси сонымен қатар 2009 жылы сүтті тұқымды сиырлар басын 60 мыңға көбейткендері жайлы хабарлап, 5-ші бесжылдық бағдарламасының аяғына дейін сүт өндіру көлемі ұлғайып, 13 млн. тоннаға жететінін атап өтті.

ИИР ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, сондай-ақ министрліктің ірімшік сияқты әртүрлі сүт тағамдарын экспорттау көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырғанын жеткізді.