Иран тарабы тағы бір мәрте қазақ елінен 5 млн. тоннаға дейін астық сатып алуға дайын екендігін қуаттады

АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Иран ағымдағы жылдың ішінде Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Иран, Катар елдері арқылы өтетін көлік дәлізінің өз елі ішіндегі темір жол бөлігін аяқтайды.

Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Қазақстан-Иран сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссияның 12-ші отырысында аталған елдің Сыртқы істер министрі Әли Акбар Салехи айтты.

«Қазақстан тарабы жолдың өз бөлігін аяқтады. Түркіменстан да өз бөлігін аяқтауға жақын. Ал Иран темір жолдың ел аумағынан өтетін өз бөлігін осы жылдың соңына дейін бітіреді», - деді ол.

Әли Акбар Салехидің атап өтуінше, осы көлік дәлізінің ашылуы арқасында екі ел арасындағы сауда-саттық артып, жүк тасымалы көлемі айтарлықтай көбейетін болады.

Сонымен қатар екіжақты кездесу барысында иран тарабы Қазақстаннан 5 млн. тоннаға дейін астық сатып алуға дайын екендіктерін тағы бір мәрте қуаттады.