Иран Сыртқы істер министрінің құқықтық және халықаралық мәселелер жөніндегі орынбасары Казем Гарибабади сейсенбі күні парламенттің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитеті мүшелеріне АҚШ-пен келіссөздердің барысы мен Иран тарапының ұстанымы туралы баяндама жасады. Бұл туралы IRNA агенттігі хабарлады.
Отырыс барысында министр Тегеранның «қағидаттары мен ұлттық мүдделеріне», соның ішінде ядролық бағдарламаны бейбіт мақсатта дамыту және уран байыту құқығына адал болып қала беретінін атап өтті.
Тегеранның ұсыныстар пакетінде «барлық майдандағы» әскери іс-қимылдарды тоқтату, соның ішінде Ливандағы қақтығыстарды доғару, АҚШ-тың теңіз блокадасын алып тастау, Иранның бұғатталған активтерін босату, барлық біржақты санкциялар мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын жою, сондай-ақ Ислам республикасы маңындағы аймақтардан америкалық күштерді шығару талаптары қамтылған.
Сонымен қатар Иран тарапы АҚШ пен Израильмен болған соңғы соғыс кезінде келтірілген шығынды өтеуді де талап етіп отыр. Бұл қаражат елді қалпына келтіруге жұмсалмақ.
Отырыс барысында парламент депутаттары Сыртқы істер министрлігі өкілдеріне келіссөздер мен өңірлік ахуалға қатысты сұрақтар қойды. Сондай-ақ Үндістанда өткен БРИКС елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуінің қорытындысы мен Пәкістан ішкі істер министрінің Тегеранға сапары талқыланды.
Бұған дейін Дональд Трамп Тегераннан жаңа ұсыныс алғаннан кейін Иранға қарсы соққыларды қайта бастауды кейінге қалдырғанын айтып, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімге қол жеткізуге үміт білдірген еді.
БАҚ мәліметінше, Иран жариялаған шарттар Трамп бұған дейін «қабылдауға келмейтін талаптар» деп атаған бұрынғы талаптардан айтарлықтай ерекшеленбейді.
Осыған дейін Иран Ормуз бұғазын басқаруға арналған жаңа органның құрылатынын жариялады.