Иран тұрғыны шоколад ұрлағаны үшін қолынан айырылады

АСТАНА. Қазанның 18-і. ҚазАқпарат - Иранның заңнамасы ұрлыққа қатысты кез келген оқиғаға байсалды қарайды. РБК агенттігінің хабарлауынша, жергілікті сот шоколад ұрлады деген күдіктінің қолын шабу туралы үкім шығарды.

Ер адам құқық қорғаушылардың қолына 2010 жылдың мамыр айында түскен болатын. Оның көлігін тоқтатқан полиция көлік ішінен 900 доллар ақша, үш дана қолғап пен үлкен көлемдегі шоколад пен какаоны тәркілеген. Ол тәттілерді қайдан алғанын түсіндіре алмады, кейін оларды ұрлап алғаны анықталды.

Қолынан айырылғанымен, ол бәрі бір бостандыққа шыға алмақ емес. Ол дүкенге әкелген шығыны мен полицияға қарсылық көрсеткені үшін тағы жарты жыл түрмеде отырады.

Шариғат тәртіптері әлі орындалатын Иран Ислам Республикасында ұрлық жасағаны үшін адам қолын кесу көп таралған жазалар қатарына жатады.