Иран түрмесінде Қазақстан азаматы отыр

АСТАНА. 23 сәуір. ҚазАқпарат - Геологиялық барлау және кен өндірумен айналысатын «Зар Кух» атты бірлескен қазақ-иран компаниясы Иранның арнайы қызметінің нысанасына ілікті.

Бұл туралы қазақ басылымдарының бірі жазды.

Иран полициясы осы фирманың бес бірдей қызметкерін ұстапты. Олардың үшеуі Қазақстан азаматы болса, екеуі - ресейлік.

Тұтқындауға не себеп болғанын Иран жағы ашып айтпай отыр. Қазақстан мен Ресей елшіліктері Иранның сыртқы істер министрлігіне нота жолдап, өз отандастарымен кездестіруді өтінген. Бұдан кейін Иран полициясы еліміздің екі азаматын айып тақпастан босатқан. Әйтсе де, біреуі әлі де абақтыда. Еліміздің сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаровтың хабарлауынша, Ирандағы қазақ Елшілігі қазір оны босату үшін жұмыс жүргізіп жатыр.