АСТАНА. KAZINFORM — Тегеранда Иранның ядролық саладағы халықаралық міндеттемелерін қайта қарау мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Жексенбіде Иран парламентінің бір топ депутаты елдің Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығуын көздейтін заң жобасын парламент төралқасына енгізді.
Заң жобасы шұғыл қаралатын құжат ретінде белгіленді. Алайда оны ашық талқылауға шығару үшін парламент спикері Мохаммад Багер Галибафтың келісімі қажет, деп хабарлайды Tasnim агенттігі.
Депутат Хоссейн Әли Хаджиделигани жексенбі күнгі парламент отырысында заң жобасы әзірленгенін айтты. Оның сөзінше, әскери қақтығыс пен халықаралық қысым күшейген тұста Иранның келісімге қатысуын одан әрі жалғастыруы ел мүддесіне сәйкес келмейді.
Бұған дейін Иран Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Мохсен Резаи ел басшылығының Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу мүмкіндігін қарастырып жатқанын растаған еді. Сонымен қатар ол Иранның ядролық доктринасы өзгермегенін айтып, елдің келісімге одан әрі қатысуы АҚШ-тың келесі әрекеттеріне байланысты болатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, ядролық қаруды таратпау туралы шарт 1970 жылдан бері күшінде. Оның негізгі мақсаты — ядролық қарудың таралуына жол бермеу. Иран бұл келісімге ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде қатысады. Осыған байланысты елдің ядролық нысандары Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің кепілдіктері мен бақылауында. Тегеран ядролық бағдарламасының тек бейбіт мақсатты көздейтінін бірнеше рет мәлімдеген.
2025 жылдың маусымында Иранның ядролық нысандарына жасалған соққыларға дейін АЭХА елдегі 60 пайызға дейін байытылған уран қорын шамамен 440 келі деп бағалаған. Алайда шабуылдардан кейін бұл қордың қайда орналасқаны және қазіргі жағдайы қандай екені белгісіз.