Волейбол: «Жайық» клубы Ақтөбеде Атыраудан басым түсті

Фото: volleyzhaik

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе және Талдықорған қалаларында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының төртінші кіші тур ойындары басталды.

Ақтөбе қаласында «А» тобында «Ақтөбе», «Жайық», «Атырау» және «Есіл» (СҚО) клубтары сынға түсіп жатыр.

Талдықорғанда «В» тобында «Жетісу», «Буревестник» (Алматы), «Тараз», «Ұшқын-Көкшетау» өзара шеберлік байқасады.

Ақтөбеде бүгін орталық матч өткен жылғы ел чемпионы «Жайық» пен «Атырау» арасында болды. Осыған дейін қос команда 44 ұпаймен турнир кестесінде үшінші-төртінші орынды бөлісіп тұрған еді.

Виктор Козик жаттықтыратын оралдықтар бастапқы екі сетті өз есебіне жазды – 25:23, 25:21. Бұдан кейін Игорь Никольченконың шәкірттері есепті қысқартты – 25:23. Дегенмен төртінші партияда «Жайық» кездесуді тәмамдай білді – 25:17. Қорытынды есеп – 3:1.

Осылайша, «Жайық» волейболшылары ұпай санын 47-ге жеткізді.

Талдықорғанда тартысты кездесуде «Ұшқын-Көкшетау» Алматының «Буревестнигінен» айласын асырып кетті – 3:2 (22:25, 25:20, 26:24, 25:27, 15:13).

Төртінші кіші тур ойындары 26 ақпанда аяқталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақтөбенің» 7 матч бойы жеңілмей келе жатқан «Жетісуды» ұтқанын жазған едік.