Ақтөбе қаласында «А» тобында «Ақтөбе», «Жайық», «Атырау» және «Есіл» (СҚО) клубтары сынға түсіп жатыр.
Талдықорғанда «В» тобында «Жетісу», «Буревестник» (Алматы), «Тараз», «Ұшқын-Көкшетау» өзара шеберлік байқасады.
Ақтөбеде бүгін орталық матч өткен жылғы ел чемпионы «Жайық» пен «Атырау» арасында болды. Осыған дейін қос команда 44 ұпаймен турнир кестесінде үшінші-төртінші орынды бөлісіп тұрған еді.
Виктор Козик жаттықтыратын оралдықтар бастапқы екі сетті өз есебіне жазды – 25:23, 25:21. Бұдан кейін Игорь Никольченконың шәкірттері есепті қысқартты – 25:23. Дегенмен төртінші партияда «Жайық» кездесуді тәмамдай білді – 25:17. Қорытынды есеп – 3:1.
Осылайша, «Жайық» волейболшылары ұпай санын 47-ге жеткізді.
Талдықорғанда тартысты кездесуде «Ұшқын-Көкшетау» Алматының «Буревестнигінен» айласын асырып кетті – 3:2 (22:25, 25:20, 26:24, 25:27, 15:13).
Төртінші кіші тур ойындары 26 ақпанда аяқталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақтөбенің» 7 матч бойы жеңілмей келе жатқан «Жетісуды» ұтқанын жазған едік.