Иранда әскери тікұшақ апатынан төрт адам қаза тапты

Фото: x.com / @PressTV

АСТАНА. KAZINFORM — Қайғылы оқиға елдің орталық бөлігінде жаттығу орындау кезінде болды, деп хабарлайды Kazinform-ның Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Ирандық БАҚ хабарлауынша, 24 ақпан күні таңертең Исфахан провинциясының Дорче қаласында ирандық әскери тікұшақ апатқа ұшырады. 

Алдын ала ақпарат бойынша, әуе кемесі жаттығу миссиясын орындаған. Тікұшақ Хомейни-Шахр ауданындағы көкөніс-жеміс көтерме базарының аумағына құлап, артынан өрт шыққан. Төтенше жағдайлар қызметі өртті тез арада сөндірді.

Оқиға кезінде ұшқыш пен екінші ұшқыш, сондай-ақ базар дүңгіршектерінде жұмыс істейтін екі бейбіт тұрғын қаза тапты. Ресми органдар төрт адамның қаза тапқанын растады. 

Иран мемлекеттік теледидарының мәліметінше, апатқа техникалық ақау себеп болуы мүмкін. Апаттың мән-жайы мен оған қатысты соңғы қорытынды әзірге жарияланған жоқ. 

Өткен аптада Иран әскери-әуе күштерінің F-4 жойғыш ұшағы батыстағы Хамадан провинциясында жаттығу ұшуы кезінде апатқа ұшырап, ұшқыштардың бірі қаза тапты. Ресми құрылымдар екі оқиғаға қатысты тергеу амалдарын жалғастырып жатыр. 

Осыған дейін Перуде тікұшақ құлап, 15 адам мерт болғанын хабарладық. 

Ал өткен айда Жапонияның Кумамото префектурасында бортында үш адам болған туристік тікұшақ жоғалып кетті