Иранда Аятолла Хаменеидің қазасы расталды: елде аза тұту жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Иранның мемлекеттік ақпарат агенттігі IRNA елдің Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи қаза тапқанын хабарлады.
— Ислам революциясының Ұлы жетекшісі, мәртебелі аятолла Хаменеи сенбі, 28 ақпан күні таңертең жасалған шабуыл салдарынан шейіт болды, — делінген мемлекеттік БАҚ таратқан хабарламада.
Иран үкіметі аятолла Хаменеи қайтыс болуына байланысты елде 40 күндік жалпыұлттық аза жариялап, жеті күнді мемлекеттік демалыс күні деп белгіледі.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Иранның Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи қаза тапқанын мәлімдеген еді.
Оған дейін де Израиль шенеуніктеріне сілтеме жасай отырып, Иранның Жоғарғы көшбасшысы жойылғаны туралы ақпараттар тараған болатын.
Сенбі күнгі Иранға жасалған шабуылдар салдарынан 201 адам қаза тапқаны хабарланды.