Иранда ажырасу тойы сәнге айналды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ирандық қалаларда ажырасуға байланысты сауық кештерін ұйымдастыру кеңінен қанат жайып барады.

Осындай жиындарда қара раушан гүлдері мен торттар сатып алынып, арнайы шақыру хаттары таратылады екен. «Ең алдымен қара раушан гүліне тапсырыс беру үшін флористке барады. Бұдан кейін шақыру хаттарын алу үшін бізге келеді»,-дейді дүкендердегі сатушылардың бірі шетелдік басылымға берген сұхбатында. Белгілі болғандай, осындай шақырту хаттарына соңғы екі жылда сұраныс едәуір артқан көрінеді. Елдің билігі мен дін басылары ажырасу оқиғаларына байланысты сауық кештерін өткізу сәнге айналып бара жатқанына алаңдаушылық білдіруде. Өткен жылы Ирандағы ажырасулар 4,6 пайызға артып, осы кезеңде тіркелген некелер 4,4 пайызға кем болған. Ирандағы некелердің 20 пайызға жуығы ажырасумен аяқталады, деп жазады шетелдік БАҚ.