Иранда генералдың моласының жанындағы жарылыстан мерт болғандар саны 100-ден асты
Иранның оңтүстігінде Керман қаласындағы моланың жанында болған екі жарылыс салдарынан кемінде 103 адам мерт болып, 170-тен астам адам жарақат алған.
Бұл туралы Иран БАҚ-тары мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform BBC агенттігіне сілтеме жасап.
Жарылыс құрбаны болған және зардап шеккендер Ислам революциясы сақшылары корпусының генералы Касем Сүлейманидің өмірден өткеніне 4 жыл толуына арналған рәсімге келген. Иран билігі бұл оқиғаны террористік акт деп бағалады.
Иранның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құрадарының хабарлауынша, арнайы рәсім барысында екі жарылыс болған.
Иранның «Хабар» каналына сұхбат берген елдің Ішкі істер министрі Ахмад Вахиди бұл оқиғаны қасақана ұйымдастырылған әрекет деп бағалады.
Оның сөзінше, бірінші жарылыс жергілікті уақыт бойынша сағат 3:00 кезінде болған. Ал 3:20 кезінде құтқарушылар мен өзге де адамдар зардап шеккендерге көмекке келгенде екінші жарылыс болған.
Осыған дейін Ирандағы жарылыстан мерт болғандар саны 73-ке жеткенін хабарладық.