Иранда хиджабсыз ән айтқан танымал әнші 74 рет дүре соғу жазасына тартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Иранда танымал әнші Парасту Ахмади мен оның музыкалық және түсірілім тобының төрт мүшесіне 74 рет дүре соғу жазасы қолданылды. Бұған әншінің хиджабсыз өнер көрсетуі себеп болған, деп хабарлайды BBC .

Фото: ParastooAhmadii

Адвокаттардың мәліметінше, жаза Кум қаласында орындалған. Дәл осы қалада 2024 жылғы желтоқсанда Ахмадидің YouTube арнасында тікелей эфирден көрсетілген концерті өткен болатын.

Сол кезде 29 жастағы әнші иығы ашық көйлек киіп, басына орамал тақпай сахнаға шыққан. Иран заңнамасы әйелдердің көпшілік алдында ән айтуына тыйым салады және хиджаб пен денені жабатын киім киюді міндеттейді.

Биыл маусымда Кум қаласының қылмыстық соты Ахмади мен тағы сегіз адамды «әдепсіз материалдар жариялау арқылы қоғамдық адамгершілік нормаларын қорлады» деп айыпты деп таныды. Сотталушылар тағылған айыптарды мойындамаған.

Сотталғандардың бірінің адвокаты BBC-ге жазаның Кум қаласындағы Қылмыстық жазаларды орындау басқармасының үшінші бөлімінде жүзеге асырылғанын хабарлады. Дүре соғу көпшілік алдында өткізілмеген.

– Біз үкімнің күшін жоюға немесе ең болмағанда жазаны жеңілдетуге, болмаса оның орындалуын кейінге қалдыруға бар күшімізді салдық. Бірақ еш нәтиже шықпады. Тиісті бөлім қызметкерлері жазаның дереу орындалуын талап етті, – деді адвокаттардың бірі.

74 рет дүре соғу жазасынан бөлек, сотталғандарға екі жыл бойы бейне және аудиоматериалдар жазуға, сондай-ақ елден шығуға тыйым салынған.

Қыркүйек айының соңында Кум қаласының апелляциялық соты шағымдарды қанағаттандырмай, үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Etemad басылымы қорғаушы Мостафа Нилиге сілтеме жасап, әншімен бірге жазаланған төрт адамның есімін жариялады. Олар – Сохейль Фагих-Насири, Амин Тахери, Амирали Пирния және Мохсен Лашкари.

Бұл шешім Иранның өнер қайраткерлері мен құқық қорғаушыларының наразылығын туғызды. Олар дүре соғуды қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және адамның қадір-қасиетін қорлайтын жаза деп бағалап, оның азаптауға халықаралық тыйым салу қағидатына қайшы екенін атап өтті.

АҚШ-та орналасқан Ирандағы адам құқықтары орталығының (CHRI) құқық қорғау қызметінің директоры Бахар Гандехари әншінің жазалануын әйелдердің негізгі құқықтарының өрескел бұзылуы деп атады.

Иранда қолданылатын шариғат түсіндірмесіне негізделген заңнамаға сәйкес, кәмелетке толған әйелдер мен қыздар шашын хиджабпен жауып, дене бітімін көрсетпейтін кең әрі ұзын киім киюге міндетті.

2022 жылы 22 жастағы Махса Аминидің полиция қамауында қаза табуынан кейін елде жаппай наразылық басталған болатын. Ол хиджабты дұрыс тақпады деген күдікпен ұсталған еді. Наразылық акциялары кезінде көптеген әйел орамалдарын шешіп, биліктің міндетті хиджаб саясатына қарсылық білдірді.

BBC мәліметінше, кейінгі жылдары Иран билігі бұл талаптарды бұзғандарға қатысты қамауға алу, ескерту жасау және кәсіпорындарды жабу сияқты шаралар қолданған.

Норвегияда орналасқан Iran Human Rights құқық қорғау ұйымының дерегінше, биыл қаңтардағы наразылықтарға қатысқаны үшін сотталған кемінде 39 ер адам, ал 2022 жылғы шерулерге қатысқаны үшін тағы екі адам өлім жазасына кесіліп, үкім орындалған. Бұдан бөлек, тыйым салынған оппозициялық топтармен байланысы бар деген күдікпен 16 адам, тыңшылық немесе шетелдік мемлекеттермен ынтымақтастық жасады деген айыппен тағы 17 адам өлім жазасына тартылған.

Ұйым мәліметінше, қаңтардағы наразылықтарға қатысқан тағы 121 адам өлім жазасына кесіліп, үкімнің орындалуын күтіп отыр. Олардың арасында алты әйел және болжамды құқық бұзушылық кезінде кәмелетке толмаған бес адам бар.

Айта кетейік, бұған дейін Иранда қаңтар айындағы жаппай наразылықтар кезінде полицейлерді өлтіргені үшін сотталған екі адамның өлім жазасына кесіліп, үкімнің орындалғаны хабарланған еді.