Иранда хиджап кимегендердің жазасын күшейтетін заң мақұлданды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Иран парламентінің комиссиясы хиджап киюді міндеттейтін заңды бұзған жағдайда жазаны қатаңдатуды мақұлдады. Бұл туралы Арменпресс Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Фото: armenpress.am

Келесі кезеңде жаңа заң Конституция күзеті кеңесі – консервативтік дінбасылардан тұратын бақылау органына таныстырылады.

CNN телеарнасының хабарлауынша, заң жобасы хиджап киюден бас тартқан әйелдерге аса ірі айыппұл салатын немесе ұзақ мерзімге түрмеге қамайтын, заңды бұзған танымал адамдар мен компанияларға жазаны қатаңдатып, дресс-кодты бұзғандарды жасанды интеллект арқылы анықтайтын 70 баптан тұрады.

Қазір Иран заңнамасында дресс-код бұзғандар 10 күннен екі айға дейін қамауға алынады немесе 50 мыңнан 500 мың иран риалына (1-ден 10 еуроға дейін) дейін айыппұл төлейді.

Ал жаңа заң пакеті бойынша бес жылдан он жылға дейін қамауға алынып, 360 млн иран риалына (7800 еуро) дейін айыппұл төлеуі мүмкін.

Заңды қатаңдату – ел билігінің 2022 жылғы наразылық шараларына жауабы. Оған хиджапты дұрыс тақпағаны үшін ұсталып, қамауда қаза тапқан 22 жастағы Махса Аминидің өлімі себеп болды.

Ел билігі наразылықты қатыгездікпен тоқтатып, бірнеше адамды өлім жазасына кесті.

Немістің dpa агенттігінің айтуынша, наразылық тоқтағанына қарамастан көптеген әйел хиджап тағу туралы талапқа қарсылық танытады.

Оған жауап ретінде билік өкілдері бірнеше айдан бері бұрынғыдан да қатаң шараларды дайындап жатыр.