Иранда қарулы төрт топтың әрекеті тоқтатылып, 27 адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Иран билігі елдің солтүстік-батысында террористік шабуылдар дайындады деген күдікке ілінген 27 адамның ұсталғанын және төрт қарулы топтың әрекеті тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Синьхуа .

Фото: Анадолу

Иран Барлау министрлігінің мәліметінше, арнайы операция Батыс Әзербайжан провинциясында жүргізілген. Ұсталғандар сепаратистік топтарға қатысы бар және елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерді жоспарлаған деген күдікке ілінген.

Тінту барысында қауіпсіздік қызметкерлері 52 Калашников автоматын, оларға арналған 94 оқжатар мен Starlink спутниктік байланыс құрылғысын тәркіледі.

– Операция барысында төрт қарулы топтың әрекеті тоқтатылып, 27 адам ұсталды. Тінту кезінде 52 Калашников автоматы, 94 оқжатар және Starlink спутниктік байланыс құрылғысы табылды, – делінген Иран Барлау министрлігінің ақпаратында.

Бұдан бөлек, көрші мемлекеттерден қару-жарақ контрабандасымен айналысты деген күдікке ілінген үш топтың алты мүшесі ұсталды. Олардың арасында бір шетел азаматы бар.

Бұл операция кезінде құқық қорғау органдары 201 қару мен оқ-дәрі салынған 100 оқжатарды тәркіледі.

Бұған дейін, 17 қарашада Иранның арнайы қызметтері Күрдістан провинциясында тағы тоғыз адамның ұсталғанын хабарлаған еді. Олар да террористік әрекеттерді дайындады деген күдікке ілінген.

Айта кетейік, бұған дейін Әзербайжан мен Иран шекарасында қарулы қақтығыс болып, шекараны заңсыз кесіп өту және есірткі тасымалдау әрекеттері анықталған еді. Шекарашыларға оқ атқан адам залалсыздандырылып, 22,9 келі есірткі тәркіленген.