Иранда коронавирус жұқтырғандар ішінде қазақстандықтар жоқ - СІМ
13:33, 27 Ақпан 2020
НҰР-СҰЛТАН. ҚазИнформ - ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Иранда қанша қазақстандық бар екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта Иранда шамамен 170 қазақстандық уақытша тұрып жатыр. Оның 74-і - елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері. 7 студент, ауысыммен жұмыс істейтін 73 азамат бар және одан бөлек 16 азамат бар. Консулдық есепте 119 азамат тұр», - дейді Айбек Смадияров.
Сондай-ақ, ол бірнеше әуе рейсі жабылғанын айтты.
«Өздеріңіз білетіндей, бұрын әр дүйсенбіде Тегеран-Алматы-Тегеран рейсі болған. Қазіргі уақытта бұл әуе рейсі тоқтатылды. Иранда ауру жұқтырғандар ішінде қазақстандықтар жоқ», - дейді ол.