Иранда кедейлік ушығып барады
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық санкциялар күшейген сайын Ирандағы теңсіздік пен кедейлік ушығып барады. Бұл туралы Donya-ye-Eghtesad газетінде жарияланды, деп хабарлайды Report.
Басылым АҚШ Қаржы министрлігінің 18 желтоқсандағы 29 мұнай танкері мен оларды басқаратын компанияларға санкция енгізу туралы шешімін еске түсірді. Бұл қадам санкциялардан жалтарып, мұнай мен мұнай-химия өнімдерін экспорттау үшін қолданылатын Иранның «көлеңкелі флотын» нысанаға алады.
Қолға алынған шаралар Иранның валюталық кірісін күрт төмендетіп, инфляция, валютаның құнсыздануы және сатып алу қабілетінің төмендеуімен күресіп жатқан экономикаға қысымды күшейтеді.
— Ирандағы бағаның өсуі — кедейліктің белгісі. Ашық нарықтағы шетел валютасы мен алтын бағасының күрт өсуі кең таралған кедейлікті байқатады. Осының салдарынан туындайтын инфляция алдағы айларда ирандықтарға қосымша ауыртпалық түсіреді. Тек соңғы бір жылдың ішінде елде азық-түліктің орташа бағасы 66 пайыздан астамға өсті, — делінген мақалада.
Сондай-ақ басылым БҰҰ санкцияларының қайта күшіне енуінен және Иран шенеуніктерінің елдің ядролық бағдарламасын жалғастыруды талап ететін бірнеше мәрте мәлімдемелерінен кейін инфляциялық қысымның күшейгенін атап өтті.
Бұған дейін Иран соңғы ондаған жылдағы ең ауыр су дағдарысымен күресіп жатқандығы туралы жаздық.