АСТАНА. 9 мамыр. ҚазАқпарат - Fars News ақпарат агенттігі хабарлағандай, Иранда шариғат талабы бойынша отбасы, ошақ қасынан ұзап шықпауы тиіс ақжаулықтылардың арасынан 46 жастағы Разие Омидвар есімді әйел адам тұңғыш рет президент сайлауына қатысуға бел байлап отыр. Иран конституциясында әйел адамның ел тізгінін ұстауына тыйым салатын бап жоқ. Десе де, мұның өзі елді елең еткізген жаңалық болды.
World Bulletin таратқан хабарға қарағанда, алдағы президент сайлауына қатысатын үміткерлердің құжаты мамырдың 7-нен 11-не дейін қабылданады.
Ал мамыр айының 12-16 аралығында Иранның Қамқорлық кеңесі үміткерлердің құжатын тексеріп, сайлауға қатысу үшін қойылатын талаптарға қаншалықты сай келетінін анықтайды.
muslim.kz сайтының жазуынша, мамырдың 24-інен бастап, үміткерлердің сайлауалды науқаны басталып, маусым айының 12-не дейін жалғасын табады. Маусымның 14-і күні Иранның 11-ші президент сайлауы өтеді.
Руслан Ғаббасов
Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 2005 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істеп келеді.