Иранда жұмысшылар мінген автобус аударылып, 12 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Иранның Илам провинциясында газ өңдеу және мұнай-химия кәсіпорнының қызметкерлерін тасымалдаған автобус аударылып, жол апатынан 12 адам қаза тапты. Тағы 15 адам жарақат алды, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.

Фото: IRNA

Fars агенттігінің Илам провинциясындағы Абадан денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлауынша, автобуста Дехлоран ауданындағы NGL газ өңдеу және мұнай-химия кәсіпорнының қызметкерлері болған. Олардың басым бөлігі Абданан ауданының тұрғындары.

Жол апаты Иранның батысындағы Дехлоран ауданына қарасты Дешт-Аббас елді мекені мен Абданан ауданының Мурмури қаласын жалғайтын ауданаралық тасжолда болған.

Алғашқы мәлімет бойынша, апаттан бес адам қаза тауып, 17 адам зардап шеккені хабарланған еді.

Автобустың аударылу себебін арнайы комиссия анықтап жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Үндістанның Ассам штатында шағын автобус контейнер тасығыш жүк көлігімен соқтығысып, кемінде 26 адам қаза тапқан еді.