Бұдан бұрын 180 адамның қаза болғаны және 1 мың 500 адам зардап шеккені хабарланған болатын. Өкімет орындары құрбандар саны көбеюі мүмкін деп қауіптенуде, өйткені құтқарушылар үйінділерді аршу жұмыстарын жалғастыруда. Сондай-ақ жарақаттанғандардың көпшілігінің жағдайы ауыр халде.
Жерасты дүмпулерінің салдарынан елдің солтүстік-батысында төрт елді мекен түгелдей қирады, 60-тан астам елді мекен ішінара бүлінді.
Иранның зардап шеккен аудандарымен байланыс үзілді, өйткені жерасты дүмпулері коммуникациялық желілерге зардап келтірді.
Мыңдаған адамдар үйлерін тастап шықты және олардың көпшілігі үйлеріне оралуға қауіптенуде, өйткені негізгі дүмпулер кемінде 20 рет қайталанды. Өкімет орындары тұрғындарды шатырларда түнеуге шақыруда.
11 тамызда Иранның солтүстік-батысында тербелісі 6,4 және 6,3 баллдық екі жер сілкінісі болды. Тегран университетінің сейсмологиялық орталығының мәліметтеріне қарағанда, жер сілкінісінің кіндігі Тебриз қаласынан 60 шақырым жерде 10 шақырым тереңдікте болған. Күшті жерасты дүмпулері Арменияда да сезілді - Ереванның көптеген тұрғындары үйлерінен қашып шығуға мәжбүр болды.
Иран ғаламшардың сейсмикалық қауіпті аймақтарының бірі. Бұдан бұрын 2003 жылғы желтоқсанда ислам республикасының аумағында болған зілзала салдарынан Бам қаласы қирап, 26 мың адам қаза болды.
1990 жылы елдің солтүстігіндегі Манджил, Рубдар және Лушан қалаларын қиратқан жер сілкінісі 40 мың адамның өмірін қиды. 1978 жылғы жер сілкінісі Тебес қаласын түгелдей қиратып, 22 мың тұрғынды қазаға ұшыратты.