Иранды ешкім шегінуге мәжбүрлей алмайды – Елдің жоғарғы көшбасшысы Трампқа жауап берді

Фото: Khamenei.ir

АСТАНА. KAZINFORM – Аятолла Хаменеи Иранның таңылған соғысқа да, таңылған бейбітшілікке де көнбейтінін айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Иран Ислам Республикасының рухани жетекшісі Аятолла Сейед Әли Хаменеи сәрсенбі күні теледидар арқылы сөйлеген сөзінде АҚШ-қа Иранға қарсы әскери қимылдар басталса, зардабы ауыр болатынын ескертті. 

Оның мәлімдемесі АҚШ президенті Дональд Трамптың Тегераннан «шегінуді» талап еткен қоқан-лоққысынан кейін жасалды.

– Америкалықтар Иранға қарсы кез келген әскери араласу оларға орны толмас залал әкелетінін түсінуі керек. Біз таңылған соғысқа берілмейміз және таңылған бейбітшілікті қабылдамаймыз. Ешкім Иранды шегінуге мәжбүрлей алмайды, - деді Хаменеи.

Рахбар Ақ үй басшысының қоқан-лоққысын айыптап, оны «дөрекі» әрі «қабылданбайтын» деп атады. 

Ол «Иран тарихынан хабары бар дана адам» ешқашан Тегеранға ультиматум тілімен жүгінбейтінін атап өтті.

– Иран халқы күштеумен берілетін халық емес. Біз тәуелсіздігімізді, қауіпсіздігіміз бен абыройымызды қорғауда табандылық танытамыз, - деп қосты ол.

Хаменеи өз үндеуінде Израильдің Иран территориясына жасаған кейінгі соққыларына жауап қайтарған азаматтардың әрекетіне де тоқталды. Ол Израиль басқыншылығына қарсы әрекетті «батыл әрі дер кезінде жасалды» деп бағалап, мұның Иран қоғамының жетілгені мен рухани күш-қуатын айғақтайтынын баса айтты.

– Біз Иран халқының агрессияға қарсы қалай сабырлы әрі берік болғанын мақтан тұтамыз. Бұл терең сана мен ұлттық қадір-қасиетті көрсетеді, - деді ол. 

Хаменеидің жолдауы аймақтағы қарама-қайшылықтардың күшеюі және АҚШ-та Иранның жер астындағы ядролық нысандарына соққы беруге қатысу мүмкіндігі туралы талқылаулар тұсында айтылды. 

Айта кетейік, АҚШ президенті сәрсенбі күні Иранның Жоғарғы Көшбасшысын жою мүмкіндігі туралы мәлімдеген болатын.