Ирандық әйел 11 күйеуін улап өлтірді

Фото: pexels

АСТАНА. Kazinform — Иранның Мазандаран провинциясында тұратын 56 жастағы Колсум Акбари есімді әйел 22 жыл ішінде 11 күйеуін улап өлтірді деп айыпталып, өлім жазасына кесілуі мүмкін, деп хабарлайды Ary News. 

Басылымның хабарлауынша, тергеу барысында ол ауқатты және жалғызбасты қарттармен кездесіп, оларға ірі көлемдегі маһр есесіне тұрмысқа шығып, кейін бірте-бірте улап өлтіргенін мойындаған. Әйел оларды улау үшін қан қысымы мен қант диабетіне қарсы препараттарды, тыныштандыратын дәрілер мен техникалық алкоголь қоспасын қолданған.

2000-2023 жылдар аралығында Сары, Нека, Махмудабад, Бабол және Қойемшахр сияқты бірнеше қалаларда орын алған қылмыстардың арасындағы байланысты анықтау қиын болды. Әйел өзінің соңғы құрбаны 82 жастағы Ғұламриза Бабаи қайтыс болғаннан кейін 2023 жылы қамауға алынған. Марқұмның танысы оның әкесін де уламақ болғанын есіне түсіріп, полицияға хабарласқан. Тергеу барысында әйел кісі өлтіргенін мойындағанымен, нақты санын есіне түсіре алмаған.

— Мүмкін 13 немесе 15 адам болған шығар, мен нақты білмеймін, — деді ол.

Істе ол 11 кісі өлтіру және 1 адам өлтіруге оқталу бабы бойынша айыпталған. 45-тен астам талапкер, соның ішінде жәбірленушілердің мұрагерлері оған өлім жазасын кесуді сұрап отыр. Адвокат әйелге психологиялық сараптама жүргізуді сұрағанымен, жәбірленушілердің туыстары мұндай мұқият жоспарланған қылмыстарды ессіздікпен түсіндіруге болмайтынын айтып, бұған қарсы болды.

Прокуратураның мәліметінше, қайтыс болған күйеулерден алынған мүліктер Акбаридің қызының атына тіркелген.

Еске сала кетейік, Ыстамбұлда өзбекстандық әйел күйеуін пышақтап өлтіргені жайлы жазған едік