Ирандық Нобель сыйлығының иегері Наргиз Мохаммади бас бостандығынан айырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Отыз жылдан бері әйел құқығы үшін күресіп келе жатқан ирандық белсенді және Нобель сыйлығының иегері Наргиз Мохаммади жексенбі күні 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол бұған дейін де бірнеше рет түрмеге тоғытылған, деп хабарлайды Reuters.
Наргиз қорының мәлімдемесіне сәйкес, 53 жастағы Мохаммади бір апталық аштық жариялап, ол жексенбі күні аяқталды. Оның адвокаты Мустафа Нилидің айтуынша, сот үкімі сенбі күні шыққан.
Иранның Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.
Репрессияға қарсы күресімен танымал Наргиз Мохаммади былтыр 12 желтоқсан күні адвокат Хосроу Аликордидің өлімі күдік тудыратынын айтып, наразылық танытқаны үшін қамауға алынды.
Қазір Мохаммади Мешхедтегі уақытша ұстау изоляторында отыр.
— Бірнеше апта бойы оқшауланып, онымен хабар алу толығымен үзілгеннен кейін, ол өзінің адвокатымен телефон арқылы қысқа ғана сөйлесіп, хал-жағдайын баяндады, — делінген қордың хабарламасында.
Сот үкімі бойынша ол жиындар өткізгені үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ екі жылға Хусф қаласына жер аударылып, бір жарым жылға шетелге шығуға тыйым салынды.
Айта кетейік, Наргиз Мохаммади 2023 жылы түрмеде отырғанда Ирандағы әйелдер құқығын қорғау және өлім жазасын жою қозғалысы үшін Нобель сыйлығын алды.