Иранда Әли Хаменеимен 6 күндік қоштасу рәсімі өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Бірнеше айлық үзілістен кейін Иранда аятолла Әли Хаменеимен қоштасу рәсімі басталады. Қаралы шаралар АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер жалғасып жатқан кезеде, күшейтілген қауіпсіздік жағдайында өтеді, деп хабарлайды Euronews.

Фото: Анадолу

Ислам республикасы тарихындағы ең ауқымды мемлекеттік жерлеу рәсімі алты күнге созылады. Қоштасу іс-шаралары сенбіден бастап Иран мен Ирактың бес қаласында ұйымдастырылады.

Аятолла Әли Хаменеимен ресми қоштасу оның 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің алғашқы соққылары кезінде қаза тапқанынан кейін шамамен төрт ай өткен соң өткелі отыр.

1939 жылы Мешхед қаласында дүниеге келген Әли Хаменеи 1981–1989 жылдары Иран президенті болды. Кейін аятолла Рухолла Хомейни қайтыс болған соң, оны Сарапшылар кеңесі елдің Жоғарғы көшбасшысы қызметіне сайлады. Сарапшылар кеңесі – мемлекет басшысын тағайындайтын ислам дінтанушыларынан құралған сайланбалы орган.

Хаменеидің мәйіті соғыс басталғаннан бері халықпен қоштасу үшін қойылған болатын. Жерлеу рәсімінің төрт айға кейінге шегерілуіне әскери қақтығыс, кейінгі бітім және келіссөздер үдерісі себеп болған.

Иран билігінің мәліметінше, қаралы рәсім қазір жағдай біршама тұрақталған кезеңге белгіленді. Иран мен АҚШ өзара шабуылдарды уақытша тоқтатып, өзара түсіністік туралы меморандум бойынша келіссөздерді жалғастырып жатыр.

Тегеран халықаралық қауымдастық назарындағы рәсімнің кедергісіз өтуіне ерекше мән беріп отыр.

Қоштасу шаралары осы аптадағы сенбі және жексенбі күндері Тегерандағы «Мосалла» намаз кешенінде басталады. Бұл – елдегі ең ірі мемлекеттік әрі діни жиындар өтетін басты алаң.

«Мосалла» атауы «намаз алаңы» деген мағынаны білдіреді. Кешен бұған дейін де Ислам республикасының жоғары лауазымды тұлғаларын соңғы сапарға шығарып салу рәсімдерін қабылдаған және мемлекеттік қаралы шаралардың символдық орталығы саналады.

Негізгі жерлеу шеруі дүйсенбі күні Имам Хосейн алаңынан Азади («Азаттық») алаңына дейінгі 10 шақырымдық бағытпен өтеді. Бұл алаң 1979 жылғы ислам революциясынан бастап соңғы жылдардағы ірі наразылық акцияларына дейінгі тарихи оқиғалардың басты орны ретінде белгілі.

Тегеран мэрі жерлеу рәсіміне шамамен 20 миллион адам қатысады деп отыр.

-Бұл – қала тарихындағы ең ауқымды жиын болады, – деді ол.

7 шілдеде қаралы шеру Құм қаласында жалғасады. Бағыт Фатима Масуме кесенесі мен Жамкаран мешіті аралығын қамтиды.

Құм – Ирандағы шииттік діни білімнің негізгі орталығы әрі он екі имамды мойындайтын шейіттердің ең маңызды діни оқу орындары шоғырланған қала.

Одан кейін Хаменеидің мәйіті Иракқа жеткізіледі. Онда рәсімдер шейіт мұсылмандары үшін ең қасиетті екі қала – Наджаф пен Кербелада өтеді. Бұл қалаларда бірінші имам Әли мен үшінші имам Хусейннің қасиетті кесенелері орналасқан.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Иракқа сапары кезінде екі қалаға барып, жергілікті губернаторлармен жерлеу рәсіміне дайындық мәселелерін талқылады.

Әли Хаменеи 9 шілдеде туған қаласы Мешхедте жерленеді.

Мешхед Ирандағы ең қасиетті қала саналады. Мұнда шейіттердің сегізінші имамы – Имам Резаның кесенесі орналасқан. Сондай-ақ елдегі ең ықпалды діни-экономикалық құрылымдардың бірі – мемлекеттік аппаратпен, оның ішінде Ислам революциясы сақшылар корпусымен қаржылық байланысы бар «Астан Құдс Разави» қорының орталығы да осы қалада орналасқан.

Биліктің бағалауынша, Мешхедтегі жерлеу рәсіміне 8-10 миллион адам қатысуы мүмкін.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Иран мен АҚШ бір-біріне шабуыл жасамауға тағы да уәделесті.