Ирандық компаниялар үшін Қазақстан тиімді әріптес бола алады - Ә. Исекешев
«Ирандық компаниялар үшін біз үлкен басымдықтар бере аламыз. Ең бастысы, біздің мемлекеттер жақын орналасқан. Иран біздің елде өндірістер ашып, өз елдеріне сырттан әкелетін тауарларды шығара алар еді. Сонымен қатар ирандық компаниялар Қазақстан арқылы Ресей, Орталық Азия және Батыс Қытай нарықтарына шыға алады. Біздің елде және Иранда ондаған орта және шағын бірлескен кәсіпорындар ашылады деп үміттенеміз», - дейді министр.
Оның айтуынша, Қазақстанда қазіргі уақытта ирандық капиталдың қатысуымен бірнеше компаниялар жұмыс істеуде.
«Иранда бір қазақстандық компания бар. Олар алтын өндіруге инвестиция салды. Иранмен арадағы көлік жолдары ашылғаннан соң, бірлескен кәсіпорындардың легі пайда болады деп сенемі» - деп атап өтті Ә. Исекешев.
«Біз Қазақстан үлкен әлеуетке ие деп ойлаймыз. Сіздердің мемлекеттеріңізбен мұнай, газ өнімдері, тау-кен өнеркәсібі, энергетика және басқа салаларда әріптестік байланыстарын орнатуға ниеттіміз», - дейді Иранның Ауыл шаруашылық министрі Махмуд Ходжати.
Отырысқа қатысушылар инвестиция және банк ісі, тау-кен өндірісі, инженерлік-теxникалық қызметтер салалары бойынша талқылаулар жүргізді. Сонымен қатар көлік және логистика, энергетика, медиа салалары бойынша қарым-қатынастарды одан әрі күшейту тақырыбы да сөз болды.
Жиын қорытындысы бойынша тараптар арнайы қарар қабылдады. Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП мен Иранның Сауда және Өнеркәсіп палатасы өзара әріптестік жөнінде меморандумға қол қойды. Қазақстанның Ұлттық банкі мен Иранның Орталық банктері де өзара түсіністік туралы шарт жасасты.