Иранға қарсы «Түн ортасындағы балға» операциясы: Пентагон жан-жақты мәлімет берді
АСТАНА. KAZINFORM – Пентагон Иранның 3 ядролық нысанын бомбалау операциясының егжей-тегжейін мәлімдеді, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің меншікті тілшісі CBS News-ке сілтеме жасап.
- Бұл барынша құпияландырылған миссия болды және аталған жоспардың мерзімі мен сипатын Вашингтондағы сауанаулы адам ғана білді, - деді жексенбі күні Пентагонда өткен брифингте генерал Дэн Кейн.
Кейннің айтуынша, «Operation Midnight Hammer» атауын алған миссияда жеті B-2 Spirit бомбалаушы ұшағы болды. Олар Иранға әуеден соққы жасау үшін Уайтмен әуе базасынан шығысқа қарай, Миссуриге ұшып шықты. Ал В-2 ұшағының келесі тобы алдаушы әсер қалдыру үшін Тынық мұхиты арқылы батысқа, америкалық Гуам әскери-теңіз базасына қарай бағыт алды.
Ұшақтар шығысқа қарай 18 сағат ұшты. Бомбалаушы ұшақтар Атлант мұхиты мен Жерорта теңізін кесіп өтуі үшін әуеде бірнеше мәрте жанармай құйып алуларына тура келді.
Ұшақтар Иран әуе кеңістігіне кірердің алдында америкалық сүңгуірлер Исфахандағы нысандарға «Томагавк» деп аталатын жиырмадан астам қанатты зымыранмен соққы жасады. Бомбалаушы ұшақтар діттеген нысанға жақындаған сәтте жойғыш ұшақтар олардың алдындағы әуе кеңістігін тазалап, жау ұшақтары мен «жер-әуе» санатындағы зымырандардың болмауын тексеріп отырды.
25 минуттың ішінде Фордо мен Натанздағы нысаналарға GBU-57 Massive Ordnance Penetrators (МОР) деген атаумен танымал жалпы 14 «бункерлік» бомба тасталды.
Кейннің атап өтуінше, америкалық ұшақтар Иран әуе кеңістігінен шығып бара бара жатқан кезде оларға бірде-бір оқ атылған жоқ.
- Иранның жойғыш ұшақтары әуеге көтерілген жоқ. Жалпы, ирандық «жер-әуе» зымыран жүйесі бізді байқамай қалған сияқты. Бүкіл миссия барысында тосыннан соққы жасау әлеуметі сақталды, - деді Дэн Кейн.
Әуе операциясына В-2 бомбалаушы ұшақтарын, жойғыш ұшақтарды, жанармай тасымалдайтын ұшақтар мен барлаушы ұшақтарды қоса алғанда 125-тен астам әуе кемесі қатысты. Шабуыл барысында 75-тен астам жоғары дәлдікті қару қолданылды.
Шабуыл барысында келген шығынды алдын ала бағалауға қарағанда, үш нысанның барлығы да өте қатты бүлінген.
Пентагон өкілі Иранды қандай да бір қарымта шабуыл жасаудан аулақ болуға шақырды.
- Біздің күштік құрылымдарымыз жоғары дайындық деңгейінде қала береді және Иранның кез келген қарымта іс-қимылына немесе прокси-шабуылдарына қарсы әрекет етуге толығымен дайын. Олардың мұндай қадамға баруы барынша сәтсіз таңдау болар еді. Біз қорғанамыз, - деп мәлімдеді Дэн Кейн.
Айта кетерлігі, Ақ үй басшысы Дональд Трамп Құрама Штаттардың Қарулы күштері Иран режимінің үш маңызды ядролық нысанына — Фордо, Натанз және Исфаханға дәлдікпен, ауқымды соққылар жасағаннан кейін халқына үндеу жасаған еді.
- Біздің мақсатымыз — Иранның уран байыту инфрақұрылымын жою және бүкіл әлемге ядролық қауіп төндіріп отырған, терроризмнің басты демеушісі саналатын мемлекеттен бұл қауіптің көзін құрту. Бүгін бүкіл әлемге айта аламын: бұл соққылар — айрықша әскери жетістік... Бізге бұл әскердің қызметі бұдан былай қажет болмайды деп үміттенемін. Немесе бейбітшілік орнайды, немесе Иран соңғы сегіз күнде көргенінен де қорқынышты трагедиямен бетпе-бет келеді, - деді Дональд Трамп.
Қорғаныс министрі Пит Хегсет бұл шабуылды «ақылға сыймайтын әрі таң қаларлық» деп сипаттады.
- Президент Трамп жоспарлаған операция батыл әрі тамаша болды және әлемге америкалық тежеудің оралғанын көрсетті. Президент айтқан кезде әлем оған құлақ асуы тиіс, - деп мәлімдеді Пит Хегсет.
Мемлекеттік хатшы Марко Рубио «Face the Nation with Margaret Brennan» бағдарламасында сөйлеген сөзінде Иранды дипломатияны жалғастыруға шақырып, АҚШ-тың Иранға қарсы бұдан әрі шабуыл жасау жоспары жоқ екенін хабарлады.
Рубионың мәлімдеуінше, АҚШ миссиясы «Иранға, Иран халқына шабуыл жасау емес. Бұл режимді өзгертуге бағытталған қадам болған жоқ. Бұл қадам ядролық қару жасау амбицияларымен байланысты үш ядролық нысанды жоюға бағытталды және ол кеше орындалды».
- Енді не болатыны Иранның әрі қарайғы шешіміне байланысты болады. Олар дипломатия жолын таңдаса, біз дайынбыз. Біз олар үшін де, Иран халқы үшін де, әлем үшін де тиімді мәміле жасай аламыз. Егер олар басқа жолды таңдаса, оның салдары болады, - деді Марко Рубио.
Ал Түркия президенті әкімшілігінің коммуникациялар басқармасының директоры Фахреттин Алтун Иранның ядролық нысандарына жасалған АҚШ-тың әуе соққылары мен Израильдің Иранға қарсы агрессиясына Вашингтонның қосылуын қатаң сынға алды.
Ол бұл әрекеттер Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылыққа емес, керісінше, жаңа деңгейдегі хаос пен бейберекетсіздікке апаратынын мәлімдеді.
- АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарға жасаған әуе соққысы және Израильдің Иранға қарсы агрессиясына қосылуы — бұл бейбітшілік пен тұрақтылыққа емес, хаос пен тәртіпсіздікке апаратын жаңа қадам, — деді Алтун.
Бүгін АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарға жасаған шабуылына байланысты Иранның БҰҰ жанындағы елшісі әрі тұрақты өкілі Амир Саид Иравани жексенбі күні БҰҰ Бас хатшысы мен Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасына ресми хат жолдағаны белгілі болды.
— Иран Ислам Республикасы ешқандай арандатушылық себепсіз жасалған бұл алдын ала жоспарланған агрессивті әрекеттерді қатаң түрде айыптайды. Бұл шабуылдар — 13 маусымда Израиль режимі Иранның бейбіт ядролық нысандарына жасаған ауқымды әскери операциясының жалғасы, — делінген хат мәтінінде.