Иранға жаңа астана не үшін қажет
АСТАНА. KAZINFORM – Жақында Иран президенті Масуд Пезешкиан ел астанасын оңтүстікке қарай, Парсы шығанағы жағалауына жақын жерге көшіру жоспары туралы айтқан болатын. Мұндай қадам елді дамытудың алғышарты болмақ. Kazinform агенттігінің тілшісі бұл шешімнің артында не тұрғанын және мұндай идеяның қаншалықты іске асырылатынын анықтауға тырысып көрді.
Тегеран 1786 жылдан бері Иранның астанасы екені белгілі. Бұл шаһар елдің солтүстігінде, Каспий теңізінен жүз шақырым жерде орналасқан және аттас провинцияның орталығы ретінде тіркелген. Тегеран – елдің әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығы, сонымен қатар аймақтың ірі өндірістік және көлік торабы. Қала Эльбурс тауларының баурайында, теңіз деңгейінен 1173 м биіктікте орналасқан.
Қалада 9,4 миллион адам тұрады. Егер шаһарға кірігіп кеткен іргелес елді мекендермен есептесек 17 млн адам тіркелген. Осылайша, көне шаһар Иран мен Батыс Азиядағы ең ірі қала және Таяу Шығыстағы Каирден кейінгі екінші ірі мегаполиске айналып отыр.
Қалалық мәселелер
Иран президенті Масуд Пезешкиан Тегеран қиындықтарға тап болатынын, бұл ретте, астананы көшіру жалғыз шешім екенін алға тартып отыр. Жылдар бойы Тегеран судың жетіспеушілігінен, топырақтың шөгуінен және ауаның ластануынан зардап шекті. Елорданың оңтүстігіндегі қалдықтар мен полигондарды жою сияқты өзге де мәселелер бар.
2018 жылдың қыркүйегінде Президент жанындағы Иранның прогресс және даму орталығы алдағы 30 жыл ішінде Тегеран халқының саны 20 миллион адамға жетіп, қаланы басқару іс жүзінде қиынға соғатынын болжаған болатын. Иранның қалалық экономика ғылыми қауымдастығы қала халқы инфрақұрылым мүмкіндіктерінен 70%-дан асады деп санайды, яғни ел астанасында тұратын 9 миллион адамның тек 2,7 млн-ы ғана лайықты өмір сүру мүмкіндігіне ие.
Тегеран халқы соңғы 10 жылда провинциялардан жұмыс іздеп, жақсы өмірді аңсап келгендердің нәтижесінде 3 есе өсті. Тіпті, Иран парламенттік қоршаған ортаны қорғау комитетінің мүшесі Мехрдад Лахути Тегеранда жыл сайын ауаның ластануынан болатын аурулардан 4 мыңнан астам адам қайтыс болады деп мәлімдеген болатын.
Экономикалық себептер
Пезешкиан логистика мен өнімді қайта өңдеу қисынсыз жүйеге негізделген жағдайда елдің дамуы мүмкін емес екенін мәлімдеді.
«Егер біз Тегеранға оңтүстік пен теңізден ресурстарды әкелуді жалғастырғымыз келсе, содан кейін оларды өнімге айналдырып, қайтадан оңтүстікке экспорттау үшін жібергіміз келсе қазіргі үрдісті жалғастыра отырып, елді дамыту мүмкін емес», - деді Пезешкиан.
Иран президенті «бұл жағдай біздің бәсекеге қабілеттілігімізді айтарлықтай төмендетеді, ал елдің экономикалық және саяси орталығын оңтүстікке және теңізге жақындатудан басқа амалымыз жоқ» деді.
Саясаткерлер ластану, көлік кептелісі және экономикалық орталықтандыру орталықсыздандырудың маңызды себебі деп санайды. Ел халқының 11%-ы тұратын Тегеранда ЖІӨ-нің 25% өндіріледі. Бұл жұмыссыздық деңгейі Тегеранға қарағанда жоғары провинциялық қалаларға зиян келтіреді.
Сейсмикалық ақау
Тегеран соңғы рет 1830 жылы қатты жер сілкінісінен зардап шекті. Десе де, сейсмологтар үлкен ақау сызығы астананың солтүстігіндегі Эльбурс тауларының етегімен өтеді дейді. Жыл сайын қаланы дүр сілкіндіретін көптеген кішігірім дүмпулер тіркелетінін атап өткен жөн. Сейсмологтар Тегерандағы үлкен жер сілкінісі апатты болады деп ескертеді. Олар бұл туралы 2003 жылы желтоқсанда Рихтер шкаласы бойынша 6,8 баллдық Бама жер сілкінісіне дейін айтқан еді. Салдарынан 30 мыңнан астам адам қаза тапқанын ирандықтар ұмыта қойған жоқ. Сейсмологтардың бағалауы бойынша, Бамдағыдай күшті жер сілкінісі Тегеранда 700 мыңнан астам адамның өмірін қиюы мүмкін.
Көшу процесі қалай жүзеге асады
Пезешкианның айтуы бойынша, тұрғындарға «Тегераннан кету керек» деп айту нәтиже бермейді. Ең алдымен Үкімет адамдардың еркін түрде көшті жалғастыратындай әрекет жасауы маңызды. Жаңа астанаға орын таңдағаннан кейін барлық мемлекеттік мекеме сол жерге көшіріледі деп жоспарланған, кейін Тегеран тұрғындарына жаңа астанаға көшу мүмкіндігі ұсынылмақ.
Егер шешім қабылданса, астананы көшіру мүмкіндігін зерттеу мақсатында арнайы топ құрылуы мүмкін. Кейін заң жобасын Парламент қабылдауы керек, сонымен қатар күзетшілер Кеңесі (барлық парламенттік шешімдердің Конституцияға сәйкестігін қамтамасыз етуге жауапты орган) мақұлдауы қажет.
Астананы көшіру ондаған миллиард долларды құрайды және күрделі және ұзақ процесс болады деп бұл қадамды құптамайтын ирандықтар аз емес. Кейбір бағалаулар бойынша көшу бағдарламасының құны кемінде 300 трлн риалды (10 млрд доллар) құрайды және оны іске асыру 25 жылға дейін созылады. Бұл қадам мұнай сатудан түскен кірістің төмендеуі және Иранға оның ядролық бағдарламасына байланысты салынған батыстық санкциялар аясында мемлекеттік қазынаны сарқып, ұзақ мерзімді дамуға қаражат шектелуіне қарамастан жүзеге аспақ.
«Сіз қайда барғыңыз келеді?»
Бұл ұсыныс кейбір шенеунік пен қала құрылысы мамандарының күмәнін тудырды. 1990 жылдары Тегеранның бұрынғы мэрі болған Голамхоссейн Карбаши Тегеранды басқа астанамен алмастыру мүмкін емес деп санайды. Карбаши жергілікті Asr Iran газетіне берген сұхбатында «Сіз қайда барғыңыз келеді?» деп риторикалық түрде сұрады. Ол бұған дейін елорданың көшуін жүзеге асырған және бір проблеманың орнына екі проблемалы қаланы алған бірқатар елді мысалға келтірді. Карбаши әкімшілік федерализмді және бүкіл ел бойынша мемлекеттік органдар мен мекемелерді қайта бөлуді жақтайтын балама тәсілді ұсынды.
«Егер біз үкіметтік және министрліктермен байланысты барлық 160 ұйым мен компанияны басқа провинциялардағы негізгі орталықтарға көшіруді шешсек, Тегерандағы жүктемені азайтып қана қоймай, өзге аймақтарды дамыту үшін жағдай жасай аламыз», - деді ол.
Тегеран қалалық кеңесінің төрағасы Мехди Чамран да пікірталаста сөз сөйледі.
«Әр түрлі үкіметтер бұл мәселені көтерді, бірақ бұл белгілі бір нәтижеге әкелмеді», - деді Чамран.
Ол Тегеранның проблемалары маңызды болғанымен, су тапшылығы сияқты мәселелер басқа аймақтарға да әсер ететінін мойындай отырып, елдің істерін барлық провинциялар мен қалаларға бөлу қажеттілігін атап өтті.
Көптеген сарапшы астананы ауыстырғаннан гөрі Тегеранның тиімсіз және тозған инфрақұрылымын жаңартуды, сондай-ақ ғимараттарды жер сілкінісінен нығайтуды қолға алған тиімді екенін алға тартып отыр.
Бұрынғы әрекеттер
Пезешкианның ұсынысы бірінші рет айтылған жоқ. Бұл идея 1979 жылғы Ислам революциясына дейін пайда болды. Бірақ 1989 жылға қарай кептелістердің көбеюіне, адамдардың көптігіне, ретсіз қозғалысқа, ауаның созылмалы ластануына және жер сілкінісі қаупіне байланысты жиі тілге иек етілді. 1991 жылдың өзінде-ақ ірі сейсмикалық қауіпте тұрған астананы көшіру жоспарын Иранның Ұлттық қауіпсіздік Жоғарғы кеңесі ұсынды, бірақ мекемедегі белгілі бір құрылымдардың қарсылығына байланысты жоспар тоқтатылды.
Тұрақты кішігірім жер сілкіністері, атап айтсақ, Рихтер шкаласы бойынша 5-тен жоғары жер сілкінісі бірнеше сейсмикалық ақауларда орналасқан қалаға соғылса, үлкен апат туралы алаңдаушылық туғызды.
Осыған ұқсас ұсыныстар 2005 жылдан 2013 жылға дейін Махмуд Ахмадинежадтың президенттігі кезінде ұсынылды. 2013 жылы көршілес Түркия мен Пәкістандағы Ыстамбұл-Анкара және Карачи-Исламабадтың сәтті мысалдарынан «шабыттанған» 52 ирандық депутат астананы көшіру туралы заң жобасын ұсынды. Парламент екі жыл ішінде Тегеранға балама зерттеу үшін 15 адамнан тұратын арнайы кеңес құруға келісті.
Астананы көшіру туралы түпкілікті шешім ешқашан қабылданбады Кейін Үкімет ұсынған қоныс аудару жоспарын Тегеран қалалық кеңесі 2019 жылдың наурызында құптаған жоқ. Сол кезде кеңес төрағасы Мохсен Хашеми-Рафсанджани оның орнына үкімет Тегеранды жақсартуға және дамытуға инвестиция салуы керек деді.
Иран шенеуніктері алдымен Стамбул-Анкара моделінен шабыт алды. Бұл модельге сәйкес, аз жұмыс істейтін Исфахан астанаға айналуы мүмкін. Көптеген қала, соның ішінде Исфахан, Шираз, Мешхед, Кум, Шираз және Табриз Тегеранға балама ретінде әр уақытта ұсынылды. Ал кейбір ирандық шенеуніктер арнайы салынған қаланы жақтады. Тіпті, ислам революциясының қамқоршылары 12 миллионнан астам халқы бар елордадағы қауіпсіздік пен наразылық мәселелеріне байланысты астананы көшіруге ұмтылатыны туралы хабарланды.
Бүгінде Пезешкианның қоныс аударуға шақыруы қолдау алатыны яки Тегеран мәселелерінің балама шешімдері қарастырылатыны әзірге белгісіз. Ондаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан пікірталастар мұндай шешім қабылдаудың қиынға соғатынын аңғартқандай.