Иранмен арадағы соғыстың ауылы алыс емес - Орталық барлау басқармасының бұрынғы басшысы

АСТАНА. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат - Иранмен арадағы соғыстың ауылы алыс емес, деп мәлім етті АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының бұрынғы директоры Майкл Хейден. CNN телекомпаниясына берген сұхбатында ол, Иранға қарсы соққыны «түйінді шешудің қазіргі таңдағы ең айқын жолы» деп санайтынын мәлім етті, деп хабарлайды РБК агенттігі. М.Хейденнің пікірінше, Иран тіпті ядролық қару жасауға жақын келсе де, бұл мәселе әлемге үлкен теріс әсерін тигізетін болады.

Осылайша, М.Хейденнің бұл мәлімдемесі, Иранға қатысты халықаралық санкциялардың нәтижесі аз екенін паш етуде.

Дегенмен, бұл туралы бұған дейін Иран Президенті Махмұд Ахмадинежадтың өзі де мәлім еткен еді.

Естеріңізге сала кетейік, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі маусымның 9-ында Иранға қарсы халықаралық санкциялардың төртінші кезегін енгізуді қолдап, дауыс берген болатын. Сөйтіп, қару-жарақ саудасы бойынша Тегранға қарсы эмбарго қатайтылды және осынау санкциямен қамтылған ирандық ұйымдардың тізімі кеңейтілді. Иранға сондай-ақ, шабуылдаушы тікұшақтар немесе зымырандар сияқты ауыр қару-жарақтар сатып алуға тыйым салынып отыр. Сонымен бірге, ядролық бағдарламаға қатысы бар деп күдік келтірілген шетелдердегі ирандық банктерге де қарсы шаралар қабылданбақ.