Ираннан шығарылған 70-тен астам ауғанстандық босқын жол апатынан қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Кабулға бет алған босқындарды мінген автобус мотоциклмен соқтығысып, кейін жанармай тиеген жүк көлігіне соғылған, деп хабарлайды DW.
Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясында сейсенбі, 19 тамызда автобус, мотоцикл және жүк көлігінің соқтығысуы салдарынан кем дегенде 71 адам, оның ішінде 17 бала қаза тапты. Зардап шеккендердің көпшілігі автобустағы жолаушылар, деп хабарлайды Al Jazeera жергілікті билікке сілтеме жасап. AFP агенттігінің хабарлауынша, автобус Кабулға бағыт алған және Ираннан депортацияланған ауғандық босқындарды тасымалдаған.
Полицияның мәлімдемесіне сәйкес, автобус алдымен мотоциклмен соқтығысқан, содан кейін жанармай таситын көлікке соғылып, жанып кеткен. Оқиғаға автобус жүргізушісінің жылдамдықты асырып, ереже бұзуы себеп болған.
Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) мәліметі бойынша, тек 2025 жылдың бірінші жартысында ғана Иран мен Пәкістаннан ондаған жыл бойы соғыс пен гуманитарлық дағдарыстан қашқан 1,2 миллионнан астам ауғандық отанына оралды немесе оралуға мәжбүр болды. Наурызда Иран үкіметі елде заңды мәртебесі жоқ ауғандықтарға 6 шілдеге дейін өз еркімен кетуге уақыт берді.
Еске сала кетейік, Ауғанстанда әйелдерге тәліптердің билікті басып алу мерейтойын тойлауға тыйым салынды.