Иранның Атом энергетикасы агенттігі: уран байытуды тоқтатпаймыз

Фото: Deccan Herald's official X account

АСТАНА. KAZINFORM – Иранның Атом энергетикасы жөніндегі агенттігі АҚШ-тың Натанз және Фордо қалаларындағы зауыттарға жасаған шабуылына қарамастан, елдің уран байыту бағдарламасы тоқтатылмайтынын мәлімдеді, деп жазды BBC.

Reuters агенттігі келтірген мәлімдемеде Иран «елдің өндірістік дамуы» тоқтамайды, деп нақты айтылған. Бұл тұста ядролық инфрақұрылым меңзеліп отыр.

– АҚШ-тың әрекеттерін халықаралық құқық пен Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың өрескел бұзылуы деп атаймыз. МАҒАТЭ ұйымын үнсіздік пен әрекетсіздік танытты деп айыптаймыз, – деді Агенттік. 

Бұған дейін АҚШ Иранның бірнеше ядролық нысандарына әуе соққылары жасағаны хабарланған болатын.

Еске сала кетейік, АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы жасап, Трамп операцияны сәтті деп атаған болатын.

Артынша Дональд Трамп АҚШ Иранның уран байыту нысандарын толықтай жойғанын мәлімдеп, халыққа үндеу жасады.

Бұл жағдайды БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш АҚШ-тың Иранға қарсы жасаған әрекеттеріне байланысты терең алаңдаушылық білдіріп, бұл жағдайды халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін қауіпті эскалация ретінде бағалады.

Ал, жақында ғана Иранның уран байытуы жаңа деңгейге шыққаны хабарланған еді. Тегеран уран қорын қару жасауға жақын деңгейде байытып, оны көбейтуді жалғастырып отыр. Бұл туралы Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) құпия есебінде айтылған болатын.