Иранның байытылған уранына тек екі мемлекет қана қол жеткізе алады - Трамп

АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен келісім жасауға жақын қалғанын мәлімдеді. Алайда оның нақты қашан жасалатынын айта алмады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі NBC News -ке сілтеме жасап.

Фото: nbcnews.com

NBC News арнасының «Meet the Press» бағдарламасына берген сұхбатында Трамп Иранмен қақтығыс пен ықтимал келісімнің жай-жапсарын сөз етті.

АҚШ президентінің айтуынша, Вашингтон бұл жағдайды ауқымды соғыс ретінде қарастырмайды.

– Мен мұны әскери жаттығу деп атаймын, – деді Дональд Трамп.

Ол Иран басшылығының «негізінен толықтай жойылғанын» айтып, елдің әскери-теңіз күштері, әскери-әуе күштері мен әуе қорғанысы жүйесіне ауыр соққы жасалғанын мәлімдеді.

Трамптың сөзінше, Иранның зымырандары мен ұшқышсыз аппараттарының шамамен 21-22 пайызы ғана қалған.

Сондай-ақ ол АҚШ енгізген теңіз блокадасы тиімді нәтиже беріп жатқанын айтты.

– Бұл шара өте тиімді болды. Олар күніне 400-500 миллион доллар жоғалтып жатыр, – деді АҚШ президенті.

Соған қарамастан, Трамп Таяу Шығыстағы америкалық әскерді шығаруға ниетті емес екенін жеткізді.

– Сақтықта қорлық жоқ. Ол жақта біздің көптеген адамымыз бар. Олардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген, – деді ол.

Трамп Вашингтонның Ирандағы үшінші саяси топпен келіссөз жүргізіп жатқанын да мәлімдеді.

– Біз қазір үшінші топпен жұмыс істеп жатырмыз. Олар мүлде басқа адамдар. Мұны биліктің ауысуы деуге де болады. Олар әлдеқайда парасатты әрі өте ақылды деп есептеймін, – деді АҚШ президенті.

Сонымен қатар ол Тегеранға қатысты қатаң ұстанымын сақтап отырғанын аңғартты.

– Ұзақ уақыт билікте болған жетекшілер енді жоқ. Екінші буындағы басшылар да қалмады. Меніңше, біз не тез арада нәтижеге жетеміз, не әскери жолмен мәселені толық шешеміз, – деп мәлімдеді Дональд Трамп.

АҚШ президенті қажет болған жағдайда Иранның Жоғарғы көшбасшысының ұлымен кездесуге дайын екенін де айтты.

– Егер ол қаласа, кездесер едім. Бірақ онымен тікелей сөйлескен жоқпын, – деді Трамп.

Иранмен келісім жасау перспективасына тоқталған АҚШ президенті тараптардың мәмілеге жақын екенін жеткізді.

– Менің ойымша, мақсатқа өте жақын қалдық. Бірнеше мәселе ғана қалды. Оның өзі аса маңызды емес сияқты. Олар ядролық қару жасамайтынын мойындады, – деді ол.

Трамптың пікірінше, Иран келісім жасауға мүдделі, алайда бұл белгілі бір уақытты талап етеді.

– Бұл олар үшін оңай емес. Олар мықты әрі намысшыл халық. Таңдау мүмкіндігі де көп емес. Сондықтан уақыт қажет болады, – деді АҚШ президенті.

Сондай-ақ ол Иранның байытылған ураны таулы аймақта жасырылғанын айтып, оған қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі екенін мәлімдеді.

– Оған тек екі ел ғана жете алады – АҚШ пен Қытай. Өйткені мұндай жұмыстарды атқара алатын техника бізде ғана бар. Жақын арада іздеу жұмыстарын бастаймыз. Егер келісімге қол жеткізсек, мұны ирандықтармен бірлесіп жүзеге асырамыз, – деді Трамп.

Оның айтуынша, АҚШ аталған аумақтағы кез келген қозғалысты бақылауда ұстап отыр.

– Егер ол жерге біреу кірсе, жер қазатын техника, жүк көлігі немесе трактор пайда болса, біз оны бірден білеміз. Тиісті шара қабылдаймыз, – деді ол.

Дегенмен Дональд Трамп Иранмен ықтимал келісімнің нақты қашан жасалатынына қатысты мерзім атаған жоқ.

Бұған дейін АҚШ Өкілдер палатасы Иранмен қақтығысты тоқтатуды қолдайтын қарарды мақұлдағаны хабарланған болатын.

Осыған дейін Трамп Нетаньяхудың Иранмен жасалған кез келген бейбіт келісімді қабылдайтынын айтқан болатын.