Иран агенттігінің мәліметінше, терминал 12 тамызда қайта іске қосылған. Спутниктік суреттер ұзындығы шамамен 333 метр болатын VLCC санатындағы мұнай танкерінің терминалға келіп, шикі мұнай тиеуге кіріскенін көрсетеді. Кеме 11 шілдеден бері күту аймағында зәкірде тұрған.
Харк аралы – Иранның мұнай инфрақұрылымындағы негізгі нысандардың бірі. Аралдағы терминалдар арқылы Иран мұнай экспортының шамамен 90%-ы жүзеге асырылады. Терең сулы айлақ ірі мұнай танкерлерін қабылдауға мүмкіндік береді.
Tasnim Ормуз бұғазына жақын Ларк аралы маңында да кеме қозғалысы артқанын хабарлады. Агенттік келтірген спутниктік деректерге сәйкес, 12 тамызда бұл ауданда 35 мұнай танкері мен жүк кемесі болған. Екі күн бұрын олардың саны 28 болған.
Кемелердің шамамен 74%-ы сәйкестендіру жүйелерін өшіріп қозғалған. Кемінде 10 кеме санкцияға іліккен.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ормуз бұғазында ADNOC мұнай компаниясының екі кемесіне шабуыл жасалғаны хабарланған.