Иранның сыртқы саудасы тоғыз айда 112 млрд долларға дейін өсті

Иранның экономика және қаржы министрі Эхсан Хандузидің айтуынша, 21 наурыз бен 22 желтоқсан аралығындағы 9 айда сыртқы сауда көлемі 112 млрд долларды құрады. Kazinform бұл туралы ИРНА-ға сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Pexels

Эхсан Хандузидің айтуынша, Иранның сыртқы сауда көлемі 2023 жылдың 21 наурызы мен 22 желтоқсаны аралығында 112 млрд долларға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға артқан.

Ол Иран Ислам Республикасының кеден басқармасы (IRICA) бірінші рет өз есебінде мұнай, электр энергиясы, техникалық және инженерлік қызметтердің экспортын қоса алғанда ай сайынғы сыртқы сауда есебін есептеп шығарғанын айтты.

Иран экономика министрі «осы кезең аралығында елден 63 млрд доллардан астам мұнай және шикізат емес өнімдер экспортталғанын, ал елге 48 млрд доллардан астам тауар импортталғанын» атап өтті.