Джавад Зариф үкіметке кандидаттарды таңдауы тиіс консультативтік кеңесті басқарды. Пезешкиан жексенбі күні парламентте министрлік лауазымдарына үміткерлерді таныстырды.
Зариф X әлеуметтік желісіндегі жазбасында «төрт апта бойы күндіз-түні жұмыс істеп, мыңнан астам кандидатты қарастырған» әріптестеріне ризашылығын білдірді. Алайда саясаткердің өзі кеңес басындағы жұмысының нәтижесіне көңілі толмайтынын мәлімдеді. Ол әйелдерді, жастарды және этникалық топтарды министрлер кабинетіне қосу туралы уәделерін орындай алмағанына өкінді, бұл ол қолдаған прогрессивті күн тәртібінен шегінуді білдіреді.
Бір кездері Зариф әлемдегі ең ірі державалармен 2015 жылғы ядролық келісім бойынша келіссөздер жүргізді. Енді ол академиялық салаға оралып, ішкі саясатқа аз көңіл бөлуді жоспарлап отырғанын айтты. Саясаткер 2007 жылдан бастап Тегеран университетінің Халықаралық қатынастар мектебінде сабақ берді.
Иран саясатында Зариф реформаторлар қанатының өкілі саналады. Атап айтқанда, ол АҚШ-пен диалогты жақтайды. Сол үшін консерваторлар тарапынан жиі сынға ұшырайды.
Ол отставкаға кететіні туралы көпшілікке хабарлағаннан кейін тағы да сынның астында қалды.
Иран парламентінің мүшесі Хамид Расай Джавад Зарифтің және отбасы мүшелерінің шетелдік азаматтығы бар деп айыптады. Зарифтің сыншылары 2022 жылдың 2 қазанында қабылданған «маңызды лауазымдарға тағайындау туралы» заңға сілтеме жасайды. Заң екі азаматтығы бар адамдарға, олардың жұбайларына немесе балаларына «маңызды» лауазымдарға, соның ішінде Президенттің кеңесшілері немесе орынбасарлары лауазымдарына тағайындалуға тыйым салады.
Дүйсенбі күнгі кезекті жазбасында Зариф отставкаға кетуінің бірнеше себебін атады. Соның ішінде балалары АҚШ азаматы болғандықтан оған қызметке тағайындалғаннан кейін көп қысым көрсетілген.
– Зариф еңбек жолының маңызды бөлігін Нью-Йоркте БҰҰ-дағы Иран миссиясының бір бөлігі ретінде өткізді. Балалары жұмыс істеп жүрген кезінде сол жақта туғандықтан, автоматты түрде АҚШ азаматтығын алды. Оның балалары қазір Иранда тұрып жатқанымен, бұл факт Зарифтің вице-президент лауазымын атқару құқығынан айырды, - деп хабарлайды ирандық БАҚ.