Иранның әлсіреуі аймақта үлкен мәселе туындатады - Американ-иран кеңесінің президенті

АЛМАТЫ. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Иран күшті болса ғана тұрақты бола алады. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан IХ Еуразиялық медиа форумда айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Медиа форумының «Белгісіз» Иран...» деген тақырыпта өткен екінші мәжілісін «Russia Today" телеарнасының жүргізушісі Питер Лавель жүргізді. Онда - ғаламшар ирандық бірізділік пен діл жөнінде не біледі, оларды қалай қабылдайды? Сыртқы дүние Иран қоғамында болып жатқан ішкі үрдістердің мәнін қаншалықты түсінеді? Саяси мәдениеттің ирандық үлгісінің ерекшелігі неде? Батыстың зайырлы мемлекеттері Иран Ислам Республикасының өзінің ішкі құрылымына тән теократиялық типтегі мемлекет ретіндегі ерекшеліктерін ескере ме? Батыс саясаты «Иран түйінін» шешуге шынайы мүмкіндіктер мен ұтымды нәтиже бере ала ма? Иранның ішкі және сыртқы саясатының негізгі ерекшелігі мен оның болашақ философиясы неден тұрады деген сияқты түйткілді жәйттар сөз болды.

«Иранның әлсіреуі аймақта үлкен мәселе туындатады. Ол күшті болған кезде ғана тұрақты бола түседі. Бұл тарихта сан мәрте дәлелденді», дейді

Американ-иран кеңесінің президенті, ғалым, саясаттанушы Хушан Әмірахмади. Ал Иранның Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Рамин Мехманпарасаттың айтуынша, түйткілді шешуде нақты әрекеттестік жоқ. Өзге елдердің Иранға қатысты екіжақты стандарты өзгермей, ондағы ахуал бірден өзгермейді.