Иранның сыртқы істер ведомствосы Астана процесіне үміт артып отыр
Баспасөз коммюникесі 18-19 сәуір күндері Тегеранда өткен Сирия бойынша халықаралық кездесудің (Астана процесінің) 3 кепіл мемлекеттерінің бірлескен тобының сарапшылық кездесуі мен мәжілісінің қорытындысы бойынша таратылған. Тегеранда болған мәжіліс барысында Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы және Түркия делегациясының өкілдері атысты тоқтату туралы режимді (2016 жылдың 30 желтоқсанында жария етілген) қоса алғанда, ұсталғандарды және тұтқынға алынғандарды алмастыру туралы үш тарапқа ұсынылған құжаттардың жобасын қарады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшылар делегациясы үшжақты мәжіліске байқаушылар ретінде қосылып, теңдессіз сарапшылық тәжірибелерімен бөлісіп, техникалық қолдау көрсетті.
«Сириядағы дағдарыстың барлық бағыттарын реттеуді, әскери қимылдар мен терроризммен күресті, сирияішілік келісімдер мен гуманитарлық бағыттағы аспектілер негізінде саяси шешімдер іздеу қажеттігін қолдап отырған Иранның Сыртқы істер министрлігі Астана процесі мен халықаралық деңгейдегі өзге де ұмтылыстар жақын арада Сириядағы шиеленістерді тоқтатып, халықаралық қоғамдастық талап етіп отырған терроризммен күреске тиімді барлық аспектілерді қамтитын бағытқа жол ашады деп үміттенеді»,-делінген баспасөз-коммюникесінде.
Тегерандағы мәжіліс 3-4 мамыр аралығында Астанада өткізуді жоспарлап отырған Сирия бойынша IV халықаралық кездесуге дайындық аясында өтті. Барлық делегация өкілдері 2 мамырда өтетін келесі сарапшылар мәжілісін жоғары деңгейдегі кездесуге айналдыру жөнінде келісімге келді.