Иреклі қоймасынан Жайық өзеніне жіберілетін су көлемі ұлғайтылды

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Ресейдің Орынбор облысындағы Иреклі қоймасынан Жайық өзеніне 15 ақпаннан секундына 139 текше метр су жіберіле бастады.

«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының директоры міндетін атқарушы Рауан Хұсайыновтың мәлім еткеніндей, бұған дейін бір ай бойы секундына 90 текше метр су жіберіліп келген еді.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде аталған су қоймасы 82,5 пайызға толтырылған. Бос сыйымдылығы – 570 млн текше метр. 

– Ағымдағы гидрологиялық режимге сәйкес 15 наурызға дейін қоймадағы су көлемі 950 млн текше метрге жеткізілмек. 2024 жылы Ирекліден босатылған максималды су шығыны секундына 2 170 текше метрге жетсе, өткен жылғы тасқын кезінде 201 текше метр болды. Жайыққа су түсімі секундына 1 800 текше метрден асқан жағдайда өзен жайылмасы мен жағадағы саяжай алқаптарын су басады, - деді Р.Хұсайынов.

Оның айтуынша, алдын ала болжам негізінде биыл Иреклі қоймасына 0,7-1,3 млрд текше метр су түспек. Қалыпты мөлшері – 1,22 млрд текше метр. 2025 жылы су түсімі 1-2 млрд текше метр көлемінде болжанып, нақты көлемі 1,180 млрд текше метр болды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орынбор облысында Иреклі қоймасынан Жайық өзеніне 15 қаңтардан бастап секундына 90 текше метр су жіберіле бастағанын жазған едік.

Батыс Қазақстанда су тасқынынан келер қауіп қандай екені де хабарланды. 

Су тасқынына дайындық барысында БҚО-ның бірқатар ауданында техникалар саны сәйкес келмей отыр.