Оның сөзіне қарағанда, бұл білім сайысында «алтын» медальді Әмір Бірәлин, Тұрсынбек Нұрислам, Иса Данат иеленді. Ал Нұрбек Дінмұхаммед пен Дәулет Құрмантаев «күміс» жүлдені еншіледі.
Е. Рысмағамбетов Қазақстан намысын қорғаған бес оқушының барлығы жүлделі болғанын атап өтті. «Әр жылда осы олимпиадаға 5 баладан қатысқанын ескерсек, соңғы алты жылда барлығы 30 оқушы физикадан бұл бәсекеге түсті. Соның 29-ы елімізге медальмен оралды», - деп тоқталды ол.
«Жалпы олимпиада жоғары деңгейде өтті деп нық сеніммен айтуға болады. Барлық жетекшілер риза болды. Біз IРhO-ны есте қаларлықтай етіп ұйымдастыруға тырыстық. Ұйымдастыру кезінде көптеген тың шараларды енгіздік», - деді Е. Рысмағамбетов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Халықаралық олимпиадада Қазақстан мықты елдердің ондығына еніп, ресми емес командалық есепте 8-орында тұғырланды. Осы білім бәсекесінде еліміздің алдына Қытай, Тайвань, Корея, Вьетнам, Үндістан, Ресей елдері тұр.
Айта кетейік, 13 шілдеде басталған бұл білім сайысы елордадағы Назарбаев Университеті базасында өтті. Атап айтқанда, физикадан Астанада ұйымдастырылған осы білім додасына Қазақстанға әлемнің 85 елінен 400-ге жуық оқушы келді.