IРho-ға Сауд Арабиясы атынан қатысқан оқушыны Қазақстандағы дәстүрге деген ұқыптылық таңқалдырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Физика бойынша 45-ші Халықаралық олимпиадаға (IРho) Сауд Арабиясы атынан қатысқан Зияд Әл-Харибиді Қазақстанда дәстүрге ұқыпты қарау ерекшелігі таңқалдырғанын атап өтті. Бұл жайында ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

«Қазақстанға келгенімізге бірнеше күн өтті. Осы уақыт ішінде жергілікті мәдениетпен танысып үлгердік. Атап айтқанда, халықтың өзінің дәстүріне мұқият қарауы таңқалдырады. Сіздер салттарыңызды осы уақытқа дейін жақсы сақтап келгенсіздер. Қазіргі заманғы жағдайда көптеген елдерде дәстүрді ұмытпай, жас ұрпаққа жеткізу - қиын мәселе», - дейді З. Әл-Хариби.

Сонымен қатар Сауд Арабиясынан келген мейман Астанадағы білім олимпиадасының ұйымдастырылуына жеке тоқталды.

«Бұл олимпиада барша әлемнен келген оқушылар үшін нағыз мерекеге айналды. Біз тез достасып алдық. Басымыз қосыла қалса, тек физика жайында ғана емес, сонымен қатар өзге тақырыптарда да пікір алмасудамыз. Әр елден келген адамдардың достасуы үшін жақсы жағдай жасағанына ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды айтқым келеді. Астанадағы олимпиадада біз нағыз бақытты жастық шағымызды өткізудеміз», - деді ол.

Айта кетейік, Физика бойынша 45-ші Халықаралық олимпиадаға әлемнің 85 елінен делегаттар қатысуда.

Бірнеше күннен бері жас физиктер 2 турға қатысып, теориялық және эксперименттік тұрғыда қазіргі заманғы физика саласында өздерінің білім деңгейін көрсетті. Екі турдың қорытындысы бойынша 45-ші IPhO-ның халықаралық қазылар алқасы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады.

Жеңімпаздардың есімдері бүгін түстен кейін Бейбітшілік және келісім сарайында марапаттау рәсімінде белгілі болады.