Ірі инвестор: Мал шаруашылығын дамытуға болатын әлемдегі екі елдің бірі - Қазақстан

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингісіне қатысқан «Inalca Eurasia» трансұлттық компаниясының вице-президенті Андрей Вакулин «әлемде мал шаруашылығын дамытуға болатын екі жер бар болса, соның бірі - Қазақстан» деп мәлім етті.

Әлеуетті инвестордың айтуынша, жалпы, ірі қараны дамыту, оны көбейтіп, пайда табу - өте ұзақ инвестициялық процесс. Инвестиция ең кемінде 10 жылда қайта пайдасын бере бастайды, дейді сарапшы.

«Қазір Қазақстан мал шаруашылығын дамытып, оны қолдау үшін үлкен бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Мемлекет шаруа қожалықтарына көмектесу үшін, өңдеуші кәсіпорындарды дамыту үшін, жайылымдарды жақсарту үшін тиісті қадамдарды қолға алып отыр. Бұл - бизнесті өте қызықты ете түседі»,-дейді инвестор.

«Әлемде мал шаруашылығын дамытуға болатын екі ел бар болса, соның бірі - Қазақстан» деген пікірін айта келе ол көрші елдердің сұранысы Қазақстанның мал шаруашылығына инвестиция салу үшін қолайлы дейді.

«Әлемдегі сиыр етін импорттайтын ең ірі екі ел Ресей мен Қытай. Қытай халқының әл-ауқаты жақсарған сайын сиыр етін импорттай түседі. Қытайда сиыр етіне деген сұраныс жыл сайын еселеніп отыр»,- деп атап өтті А.Вакулин.