Ірі қалаларда азық-түлікке отбасы кірісінің 60 пайызға жуығы жұмсалады

None
АСТАНА. 11 желтоқсан. ҚазАқпарат -Ірі қалаларда азық-түлікке отбасы кірісінің 60 пайызға жуығы жұмсалады.

Бүгін Парламент Мәжілісінде еліміздегі азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу мәселелерін талқылау барысында депутат Уәлихан Бишімбаев осылай мәлім етті.   

Депутаттың айтуынша, 2007 жылдан бері азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуі салдарынан тұтыну себетіндегі азық-түлік үлесі 41,6 пайыздан 48,6 пайызға артқан. Яғни, тұтынудың нақты құрылымы азық-түлік емес тауарлар мен қызметтерден бас тарту есебінен қалыптасып отыр.

 «Мәселен, ірі қалаларда кейбір  отбасы табысының 60 пайызға жуығы азық-түлік өнімдеріне жұмсалады. 35 пайызы азық-түлік емес тауарларға тиеді, ал қалған бар-жоғы 5 пайызы ғана басқа қызметтерге қалады», - дейді У. Бишімбаев.

Бұл ретте депутат халықтың кірісі баяу қарқынмен өссе, азық-түлік тауарларының бағасының өсу қарқыны бұдан әлдеқайда жоғары болып отырғанын тілге тиек етті. «Бұл мәселені ушықтыра беруге болмайды. Өйткені, коммуналдық қызметтер төлемінің де өсімі азаматтарды қиын жағдайға қалдыруы әбден мүмкін», - деді У. Бишімбаев.