ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының қаулысымен ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін айыпталып отырған ер адам екі айға қамауға алынды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш ер адам тергеу органдарымен анықталмаған адаммен алдын ала сөз байласып, пайдакүнемдік мақсатпен ұялы телефон арқылы Орал қаласындағы өзіне белгісіз абоненттік нөмірге хабарласқан. Жауап берген адамға оның ұлының есірткі сақтағаны үшін полиция қызметкерлерімен ұсталып, оны қылмыстық іске тартпау үшін 200 мың теңге керек екендігін айтқан. Бұған сенген жәбірленуші ақшаны тергеумен анықталмаған адамға берген. Кейін айыпталушы аталмыш нөмір бойынша тағы хабарласып, өзін жәбірленушінің ұлымын деп, қаржылай көмектесуін өтінген.
Сонымен қатар ҚР ҚК 177-бабы 2 және 3-бөлігі бойынша ұсталған тұрғын жәбірленушіге 1 мың доллар көлемінде залал келтірілген тағы бір сондай қылмыстық іс бойынша айыпталуда. Бұл бап бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).