Ірі көлемде пара алған ҚТЖ еншілес компаниясының топ-менеджеріне қатысты жаңа қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылғы мамырда Қаржы полициясы агенттігі дизельдік жанар майды жеткізуге келісімшартты жасауға көмектесу үшін «Нұр Табыс Мұнай НТМ» ЖШС өкілінен жалпы сомасы 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған деген айыппен «Локомотив» АҚ атқарушы директоры Е.Қалаубаевты қамауға алған болатын.

Бұдан басқа, пара алуға қатысқан деген айыппен «Қазтеміртранс» АҚ атқарушы директоры Д.Әлмусин іздеуге жарияланды. Оның бой тасалап жүрген жері анықталуда.

15 шілдеде Қалаубаевқа қатысты дизельдік жанар майды темір жол көлігімен тасымалдау кезіндегі «Нұр Табыс Мұнай–НТМ» ЖШС-нің шығындарын өтеу барысында «Локомотив» АҚ-ның 30 млн.теңге қаражатын ұрлау фактісі бойынша жаңа қылмыстық іс қозғалды.

Қылмыстық іс тергелуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды, деп хабарлады Қаржы полициясының баспасөз қызметі.