Бұл туралы бүгін Астана қаласы ІІД-де өткен баспасөз мәслихатында есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Нариман Абылқасенов мәлім етті.
Нариман Абылқасеновтың сөзіне қарағанда 2011 жылдың 20 наурызында «Сарыағаш-Астана» бағытындағы № 85-ші жолаушылар пойызы Астанаға келіп тоқтаған сәтте темір жол вокзалының перронында ірі көлемді есірткі затымен 1980 жылы туылған Қарағанды қаласының тұрғыны ұсталған. Тәркіленген есірткіге жүргізілген химиялық сараптама нәтижесінде оның ауыр есірткі тобына жататын героин екендігі анықталған.
Қазіргі таңда аталмыш факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 259-бабы 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұсталған тұлға Астана стансасындағы желілік істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторына тоғытылған.
Нариман Абылқасенов мәлім еткендей, бүгінгі күнге дейін КІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткі заттарының заңсыз аналымына байланысты 161 қылмысты анықтаған. Оның 52 фактісі есірткі өткізу болса, 8 фактісі есірткі контрабандасына қатысты болған. Тәркіленген әр түрлі есірткі заттарының жалпы салмағы 77 келі 190 грамды құраған, соның 6 келі 430 грамнан астамы ауыр есірткі заты - героин.