Ірі компанияларда қазақстандық қамтуды арттыру бойынша арнайы басқармалар құрылды - С. Ахметов

None
СТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қарағанды облысындағы ірі компанияларда қазақстандық қамтуды арттыру бойынша арнайы басқармалар құрылды.

Бұл туралы бүгін Астанадағы қазақстандық қамту мәселелеріне арналған республикалық кеңесте аталған өңірдің әкімі Серік Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз бұл компанияларда арнайы бөлімшелерді құрдық. Әсіресе «Қазақмыс» және «АрселорМиттал» секілді ірі компанияларда жасақталды. Яғни, онда қазіргі кезде «қазақстандық қамтуды арттыру» деген атаумен басқарма жұмыс істеп жатыр»,- деді әкім.

С. Ахметовтың сөзіне қарағанда, бұған дейін мемлекеттік сатып алулар кезінде ірі компанияларға шағын және орта бизнестің жолы шектеулі болды. Бұл компанияларда жабдықтар мен шикізатты және басқа да қажеттіліктерді тоқтаусыз жеткізу тұрғысындағы жүйе қызмет жасаған болатын. Мәселен, 10 жыл бойғы ұзақ мерзімде ресейлік компаниялардан сатып алулар жүзеге асырылған.

«Сондықтан біздің қазақстандық кәсіпорындар мен компанияларға, әсіресе шағын және орта бизнеске ол бағытқа жол шектеулі болды», - деді өңір басшысы.

Осы тұрғыда С. Ахметов іске асырылған шаралар бұл компаниялардағы қазақстандық қамту бойынша жүйелік жұмысты қалыпқа келтіруге мүмкіндік бергенін атап өтті. Енді Қазақстанда тиісті тауарлар мен қызметті ұсына алатын тауар өндірушілерді іздестіруге негізгі екпін қойылуда.