Ірі шетелдік көшбасшылар Қазақстанға қолдау табу үшін келеді - ҚР СІМ
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдік қоғамдастықтың тұрақты және ұзақмерзімді серіктесі болып қала беруде. Қазақстанның үні халықаралық алаңдарда неғұрлым көбірек естілуде. Өткен жыл мен ағымдағы жылдың бірінші тоқсаны Мемлекет басшысының шетелдерге жасаған жемісті сапарларымен, қол қойылған келісімдермен, ірі халықаралық іс-шаралар аясында өткізілген табысты келіссөздермен ерекшеленеді. Ірі шетелдік саясаткерлер мен көшбасшылар Қазақстанға жәрдем алу және қолдау табу мақсатында келуде», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің алқа мәжілісін ашқан Қайрат Әбдірахманов.
Осы ретте ол 2016 жылы өткен кеңейтілген алқа мәжілісте Мемлекет басшысы министрлікке сыртқы саясаттың экономикалық векторын нығайту, ведомствоның инвестициялық және экспорттық бағыттарындағы қызметін қайта форматтау әрі бейімдеу бойынша бірқатар маңызды міндеттер қойғанын еске салды.
«Әңгіме тәсілдемелерімізді жүйелі түрде қайта құру, жұмысқа жаңа элементтерді енгізу, экономикаға назар аудару және жаһандық бәсекелестік жағдайында еліміздің сыртқы экономикалық мүдделерін қорғау жайында. Сыртқы істер министрлігі әлеуетті шетелдік серіктестерді іздестіруге жәрдемдесу мақсатында отандық жеке сектормен тікелей өзара іс-қимылды қалыптастыру бойынша жұмысты белсендіре түсті. Министрліктің және шетелдегі мекемелер жүйесінің басты міндеттерінің бірі - экономикаландыру екенін атап өту қажет», - деді министр.
Оның айтуынша, Қазақстанның сыртқы саясатының табысты жүзеге асырылуы шешуші дәрежеде қызметкерлердің біліктілік деңгейіне және олардың кәсіптік дайындығына тығыз байланысты.
«Бұл тұрғыда «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғыртудың маңыздылығын және осы бағыттағы Сыртқы істер министрлігінің рөлін атап өткім келеді. Қазақстанның мәдениетін ілгерілету, оны әлемдік қоғамдастыққа таныстыру, ұлттық кодексті нығайту жаңғырудың негізгі элементі болып табылады», - деді Қайрат Әбдірахманов.